Атырау облысында адам шошырлық жағдайда тұрып жатқан мүгедектер жаңа пәтерге ие болды
Атырау облысында адам шошырлық жағдайда тұрып жатқан мүгедектер жаңа пәтерге ие болды. Екі бөлмелі баспананы жергілікті кәсіпкер сатып әперген. Ал іші көпшіліктен жиналған азық-түлік пен көрпе-төсекке толы. Ізімовтердің басына түскен қиыншылық жайлы екі апта бұрын ғана көрсеткен едік. Осылайша, отбасы жылдар бойы жергілікті әкімдіктен болмаған көмектің қарапайым азаматтардан келгеніне әлі де сене алмай отыр. |
Доссордағы мына 2 бөлмелі пәтерді аты-жөнін айтпауды өтінген атыраулық азамат сатып алып берген. Құны 1 млн 600 мың теңге. Ал су жаңа дүние-мүлік пен азық-түлік еліміздің түкпір-түкпіріндегі қарапайым тұрғындар жеткізіпті. Тіпті, Шымкент, Тараз, Астанадан арнайы келіп, қаржылай көмек көрсеткендер бар.
Нұрлыбек Жақыпов, Доссор кентінің тұрғыны:
-Әкімшіліктен көрмеген көмекті халықтан көріп, өзімнің жалғыз емес екендігімді сезініп, қарындастарымды, анамды жылы үйге әкеліп, өзім бір қуанып қалдым. Халқыма рахмет айтам, осылай үй алып беріп жатқанына, бәріне Алланың нұры жаусын, алдағы уақытта өзім асыраймын деп уәде берем халқыма.
Шаңырақтың үлкен ұлы Нұрлыбектің айтуынша, көпшіліктің арласуынан кейін ауруханаға жатқызылған анасы Манардың да беті бері қарапты. Ал Доссор әкімдігіндегілер жарымжандарға үй алып бермекші едік, әлдекімдер алдымызды орап кетті деп отыр. Тіпті бұл отбасы туралы естіп-білмедік, хабардар болғанда қарап қалмас едік деп ақталды кент әкімі.
Жарылқасын Ысмағұлов, Доссор кентінің әкімі:
-Мынаны почему-то естіген жоқпыз,но каждый адам өзіне мұқтаж болып, қолынан келмесе, келіп айту керек еді ғой.
Естеріңізге салсақ, адам төзгісіз жағдайда тұрып жатқан доссорлық мүгедектер отбасы туралы бұрын айтқан болатынбыз. Отанасы Манар Ізімова бірнеше ауыр детке шалдықса, үлкен қызы Амангүл бір аяғынан айырылған, кіші қызы Махаббат – туа бітті мылқау. Ал әкелері бұларды әлдеқашан тастап кетіп, екінші рет отбасын құрған екен.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін