Атырауда 5 қабатты жатақхананың едені опырылып, жертөлеге түсіп кеткен - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+27 °C
Алматы
2024 Жыл
13 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырауда 5 қабатты жатақхананың едені опырылып, жертөлеге түсіп кеткен

Атырауда 5 қабатты жатақхананың едені опырылып, жертөлеге түсіп кеткен

Бүгін Атырауда 5 қабатты жатақхана тұрғындары жаппай көшірілді. Талайдан бері апатты жағдайда тұрған ескі ғимараттың бірінші қабатындағы бетон еден опырылып, жертөлеге түсіп кеткен. Ал қабырғалары онсыз да қақырап жатыр. Жұрт жағдайын айтып талай шулағанымен, бүгінге дейін құлақ асқан ешкім болмапты. Шенеуніктер ақыры еден опырылғанда іске кіріскен. Қазір 300-дей тұрғын мектеп ғимаратын уақытша паналап отыр. 

  • 25 Желтоқсан 2012
  • 394
Фото - Caravan.kz

Үсіп өлетін болдық қой.

— Үйге кірсеңші енді.

— Қалай кіресің? Опырылып үстімізге түссе ше?

Опырылса оңдырмайды, опық жеп опат боламыз ба деп қауіптенген қараша жатақханаға аттап баспаймыз деп тұрды осылай түні бойы. Қақыраған қабырғалар мен шұрқ тесіп терезелердің қырсығы аз болғандай, елдің едені құлап жұрт жансақтаудың қамымен қапылып жүр. Апаттан соң ағайынға төтелетіп жеткен төтенше жағдайдың қызметкерлері елді елең-алаңда далаға шығарумен әлек болды.

Балыш Шәріпова, жатақхана тұрғыны:

— Менің үйім өзі бұрыштағы пәтер, кішкене бірдеңе болса, «ойбай» шығыңдар дейді. Үнемі осылай далада жүреміз. Әкімдікке жазып бәріне бардық,  уәде береді, бірақ артында ештеңесі жоқ, қалады. «Өй мыналар далада, кім қарап жатыр» дейтін болар.

Қараусыз қараңғыда қалған қарашаға алаңдаған бір шенеунік жоқ. Керісінше құлақ етін жемесін деп елден қашып әуре боп жүр. Тек арада екі сағат өткенде қала әкімінің өзі төбе көрсетті. Аспай-саспай қайтадан қирап тұрған үйді көзімен көріп, тағы бір комиссия құрамын деп кетті.

Серік Айдарбеков, Атырау қаласының әкімі:

— Бүгін, ертең бірінші қабат құлайды деп ойламаймын. Сондықтан арнайы комиссия құрылып үй апатты жағдайда ма, жоқ па анықтайды. Солардың шешімінен соң біз іске кірісеміз.

Тоқ бала аш баламен ойнамайдының кері келді. Құлағалы тұрған тамдар мен қараңғыда қатып қалған қарашаны көзәйнектің көзімен көрген әкімнің әрекеті осыған саяды. Айтып ауыз жиғанша, бүгін жатақхана үлгісіндегі пәтердің бірінші қабаты құлап тынды. Енді елдің барар жер, басар тауы жоқ. Барлығы қаңғырып қаңғыбас болдық деп назалы.


Алмас Молдағалиев, жатақхана тұрғыны:

Өзімнің тұрып жатқан үйімнің бетоны кетіп қалды кәдімгі. Қалай кіріп-шығатынымды білмеймін. Үй бермей мен мына жерден қозғалмаймын. Үйде жасқа толмаған кішкентайым бар. Бірақ үй бермейінше осы үйден қозғалмаймын мен. Қайда барамыз басқа?

300-ге жуық тұрғынның мысы басты ма бүгін еденсіз қалған елді көрші мектепке көшіру басталған. Жақын арада «тұрғын үймен жарылқаймыз» деген үнемі орындалмайтын ескі ертегілерін де айтыпты жергілікті шенеуніктер. 1982 жылы тұрғызылған жатақхананың бүгін қирап жатқаны бұл жердің батпақты аумақта орналасқанынан деп өздерін де ақтап бақты әкім-қаралар.