Әкелі-балалы Бегежановтар міне, осы көлге балық ауламаққа 7 қараша күні келіп, содан ұшты-күйлі жоғалған. Екеуінің кешіккенінен күмәнданған тума-туыстары сол күні олардың қайығы мен сырт киімдерін көл бетінен тауып алған. «Ұзындығы 4, ені 3 шақырымға жуық Қамыскөлдің ең терең жері 4 метрге жуық», — дейді мамандар. Ал бүгін 13-ші күнге жалғасқан іздестіру жұмыстары әзірге еш нәтиже бермей отыр.
ОтағасыМереке Бегежанов жоғалған күні 49 жасқа толған екен. Жұмыстан қысқарып, үйде бос отырған соң ау салып, өз бетінше ермек қылған. Сол күні көлге ұлы Оралбек екеуі кетіпті. Туыстары оларды содан қайтып көрмеген.
Кенжебике Өмірзақова, Мерекенің жұбайы:
— Үлкен балам тұңғышымның 2 баласы, өзімнің 3 балам шиеттей бала-шағамызбен әлі үміттеміз келетін шығар деп, бірақ…
Қазір ауылдағы еркек кіндіктілердің барлығы қолдағы құралдарымен өз беттерінше көл бетін күндіз-түні шолып жүр. Сөз арасында құтқару қызметіндегілерге өкпелі екендерін де айтып өтті.
Сымғат Бегежанов, туысы:
— 2 аптаның уақыты болды.Содан бері ТЖ-та келіп жатыр, барлығы екі катер, қайықпен түсіп жатқаны, бірақ мардымсыз ЧС жағынан.
Мамандар болса, Мереке мен Оралбекті іздестіруге облыстағы барлық сүңгуірлердің жұмылдырылғанын айтып отыр. Бірақ, дәл қай жерге кеткендерін білмегендіктен және судың асты лайлы болғандықтан жұмыстары жүрмей жатыр екен.
Ершат Қибашев, Атырау облыстық суда құтқару қызметінің бастығы:
— Сүңгуірлер астында судың видимость жоқ дейді. Жарты метрге дейін бар, сол үшін оны жүз пайызға әр жерді қарадық деп айта алмаймыз. Сол себептен қазір алып келіп жатқан кісілерімізді квадратқа бөліп, іздестіру жұмыстарын жүргізейік деп отырмыз.
Жергілікті азаматтар осы уақытқа дейін Қамыскөлде бірнеше адамның суға кеткенін, бірақ олардың екі-үш күннің ішінде табылғанын айтады. Ал, әкесі мен баласының мүлде хабарсыз кеткенінен күдіктенген олар Мереке мен Оралбек адам қолынан қаза таппады ма деп те қауіптеніпотыр.