Атырауда үйлерін су шайған халық сөзінде тұрмаған облыс әкіміне өкпелі - kaz.caravan.kz
  • $ 471.77
  • 547.25
+15 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырауда үйлерін су шайған халық сөзінде тұрмаған облыс әкіміне өкпелі

Атырауда үйлерін су шайған халық сөзінде тұрмаған облыс әкіміне өкпелі

Уәде сөз күйінде қалды. Атырауда үйлері нөсер жаңбырдан соң су астында қалған жұрт шенділерге өкпелі. Айтуларынша, баспаналары шайылған сәтте қаржылай көмек көрсетеміз дегендер содан төбе көрсетпепті. Ашынған жұрт бүгін әкімдік ғимаратына барып, әкімнің сөзін тыңдамақ болған. Алайда басшы демалыста, ал орынбасар мардымды жауап қата алмады. Мамырдың 12-і күні бір тәулік бойы толассыз жауған жаңбырдан Атыраудағы 300-ге тарта үй мен  мыңдаған аула су астында қалған еді.

  • 23 Шiлде 2015
  • 353
Фото - Caravan.kz

Мамырдағы нөсерден соң баспанасы қирап, іші суға толған жұрт арыз бен өтініш жазудан шаршап, бүгін әкімдікке тіке тартты. Екі ай бойы істі қағазбен шешпек болған тұрғындар жергілікті биліктің жауапкершілікті бір-біріне аударып, жәрдемақы төлемей отырғанына наразы. Жұрттың облыс басшысына да өкпесі қара қазандай.

Гүлжан Сапарова, Атырау қаласының тұрғыны:    

-Кім еді, ана Бақтықожа ойбай тек үндемеңдер, ауыздарыңды ашпаңдар, соттаймыз-оттаймыз деп. Маған қарсы сөйлемеңдер мен ана Оралда да біреуді соттағанмын деді. Тап осылай атты. Сосын жұрттың бәрі үндей алмай қалды. Телефондарыңды жабыңдар деді.

Әкім қанша ышқынғанымен, тұрғындар енді үнсіз отырмақ емес. Өйткені арнайы комиссия зақымданған үйлерге сараптама жүргізіп, кімге қандай көмек берілетінін анықтаған екен. Су басқан 230 үйдің 164-іне осындай қорытынды шыққан. Әрі 360 мың теңгеден берілсін деген шешім қабылданыпты. Бұл қаржыға қай жыртығымды жамаймын деген жұрт көзіне жас алды.

Ақтолқын Сапарғажиева, Атырау қаласының тұрғыны:

Төрт бөлменің төбесінен су кетті. Люстра бәрі сынды. Жападан жалғыз өзім сағат алтыға дейін тұрдым. Үйдің іші теңіз болып кетті. Атырау мұнайлы дейді, ал ешқандай көмегі жоқ.

Дегенмен жұрттың жанайқайын тыңдайтын басшы Атыраудан табылмай тұр. Уәдені үйіп-төккен қала әкімі демалыста, ал орынбасарының екіұшты жауабы тұрғындардың көңілінен шыққан жоқ.

Амантай Айтбаев, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:

-Мен бұл сұрақтарға қазір жауап бере алмаймын. Неге десеңіз, 1.121 арыз келіп түсті. Барлығына қазір үлгеру мүмкін емес. Күзге дейін үйлерге жөндеу жұмысын жүргізуге тырысамыз.

Екі айда дайын болмаған сараптама қорытындысын әлі де ұзақ уақыт күтуге тура келеді. Сондықтан нөсерден зардап шеккен атыраулықтар атқамінердің кезекті уәдесіне сенер-сенбесін білмей тарқасты.