Мәриям осылай оңбай алданамын деп еш ойламаған. «Плейткойн» туралы естіген ол алғашқыда 10 мың, аз-маз пайда көрген соң 100 мың теңгені бір-ақ салыпты. Онымен қоймай, таныстарына да қыруар қаржы құйдыртқан. Жер сипап қалған келіншек енді сол ақшаларды өз қалтасынан қайтарып жүр.
Мәриям Садықова, жәбірленуші:
— Оның бәрін мен Жеңіске звондап айттым. Ол телефон арқылы жарайды, мен ақша жіберемін деді, уатсаппен маған карточкалық құжаттарын жіберіңіз деді. Бәрі жақсы. 10 күндей күттім, 10 күнде еш телефон көтерген жоқ. Сонша адамды ол алдағаннан кейін ол өз жазасын табу керек. Алдады ма, ол үшін жауап берсін.
Жеңіс Қанахметов қазір тергеушілерге жауап беруде. Жұртты жылатып, ақшасына алтын жалатып машина мінген Қаржы пирамидасының басшысы күні кеше ғана қамауға алынған. Дегенмен, оның ісі әлі жалғасып жатыр екен. Ізбасарлары Алматының қақ ортасында отырып, адамдарды әлі де арбауда.
Өзін Күміс деп таныстырған осы келіншек «Плейткойнның» жергілікті басшысы болып шықты. Пирамиданың әлі де Оралда, тіпті Астанада да бөлімшелері бар екен. Ал бас кеңсе – Атырауда. Міне, мынадай бейнежазбалармен жұрттың басын айналдыруда.
-Айтқан кезде қуана қуана қолдадым. Мінекей, соның алғашқы жемісі. Мынау -20 мың, мынау – 20 мың.
Бірақ бума-бума ақша ұстағандардан гөрі сан соғып қалғандар көп. Қаржысын қайтарғысы келгендерінің кейбірін пирамида басшысы тіпті ұрып жібермек те болған.
«Плейткойнттың» басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, ашқан сайты әлі жабылмаған. Тікелей желіде адамдардан өтініштерді қабылдауын жалғастыруда. Тіпті, өзге де әлеуметтік желілер арқылы қаржы пирамидасын насихаттап, қыруар ақшаға қарық болыңыз деген таспаларын жан-жаққа таратуда.