Әдеттегідей мәдениет үйінде бүгін тағы жиын. Тек бұл жолы Березовка және Бестау елді-мекендерінің тұрғындары бірлесіп, бірауыздан шешім қабылдауы тиіс. Көшу не көшпеу туралы. Бірақ әзірше ұсынысты басшылардың өздері де сақтықпен сөз етіп отыр.
Марат Түсіпқалиев, Бөрілі ауданының әкімі:
— Жақын арада Үкімет арнайы қаулы қабылдайды деп күтіп отырмыз. Березовка мен Бестауды басқа жаққа көшіретін шығармыз.
Түсініксіз талма дерті тараған мекеннен ел ертең болса да көшуге дайын. Тек шенеуніктердің ұсынысы көңілге қонымсыз. Яғни әкімдік березовкалықтар мен бестаулықтарды көршілес үш елді мекен — Бөрілі, Аралтал және Ақсайға көшірмек екен. Бұл шамамен 5 мыңға жуық адам. Оның үстіне тұрғындар еркін таңдаудың жасалғанын қалайды.
Марина Макаримова, Березовка ауылының тұрғыны:
— Бізге қасымыздағы ауылдардан орын берудің қажеті жоқ. Егер еркін таңдау жасамаса, бәріміз де көшуден бас тартамыз!
Осылайша ел биліктен ақшалай өтемақы талап етіп отыр. Немесе қала орталықтарынан үй берсе деген тілектері бар. Бірақ мұндай ұсынысты әкімдік қабылдағысы жоқ. Сондықтан шенеуніктер араға халықаралық консалтинг компанияларын кірістірмек. Сарапшылар әр үйдің нақты құнын шығаруы тиіс. Тіпті елдің жаңа қоныста кіммен көрші болғысы келетіні де ескеріледі екен. Тек мүлікті санап, ес шығып жатқанда Березовкадағы басты мәселе назардан тыс қалғандай. Оқушылар арасындағы сұлық құлағандар саны азаяр емес.
Антонина Прохорова, Березовка ауылының тұрғыны:
— Балаларға шұғыл қан құю керек. Ең бірінші солардың жағдайын ойлау керек. Көшуді ұзаққа созбай бастаса, әйтпесе балалармыз мүгедек болып қалуы мүмкін.
Қазір Бөрілі ауданының әкімдігі қауіпті аймақтан елді көшіру науқанына кірісіп те кеткендей. Ақсай қаласына бірінші кезеңде қоныс аударатын 75 отбасыға үй әзірлеп қойған. Енді Аралталда тұрғын үй құрылысы басталмақ. Ал өтемақы мәселесі әзірге шешілген жоқ.