Ауғанстан астанасы Кабулдың қақ ортасында жойқын жарылыстан қаза тапқандар саны 28 адамға жетті. Марқұмдардың көбі бейбіт тұрғындар екендігі анықталды. Тағы 300-ден астамы жараланған. Басым бөлігінің хәлі ауыр. Елдің ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, жарылысты жанкешті жасап, одан кейін бірнеше адам қауіпсіздік қызметінің ғимаратына оқ жаудырған. Шабуыл жасағандардың нақты саны әзірге белгісіз. Полицейлер олардың біреуінің ғана көзін жойыпты. Қастандық әрекетті «Талибан» лаңкестік ұйымы мойнына алды.