Бәріміз жиналып Сәулеге бармақшы болып келістік. Ішіме бір алапат үрей ұялады. Не деп басу айтамыз? Қандай сөзбен жан жарасын емдей алар екенбіз? Бармауға тағы болмайды. Барлығымыз бірге оқыдық. Данияр екеуінің тойында шулатып тұрып тойлағанбыз. Бұл отбасы хақында бәріміздің де ойымыз тұнық еді. Данияр – жақсы жігіт, үздік оқыды, ақылды еді. Екеуі ұзақ уақыт бойы кездесіп жүріп, соңғы курста үйленген-ді.
Бізге есікті көршісі ашты. Кең қонақ бөлмеге дастархан жайылыпты. Іштен бөтен адамдардың дауысы естіліп жатты.
— Адамның басына не келіп, не кететінін пенде баласы қайдан білсін?! Әркімнің өз тағдыры бар. Өзгерте алмайтын қиындықтар кездеседі. Маңдайға жазылған сынаққа шыдау керек, — деп ақыл айтқан әйел адамның дауысына бәріміз құлақ түрдік. Сәуленің туысқан апайы екен.
Дастархан басында туысқандары мен етене жақындары жиналыпты. Бізді көріп құрбымыз көз жасына ерік берді. Мұндайды күтпеген біз, сасып қалдық. Апайы отырған жерінен көтеріліп, бұйыра сөйледі:
— Неге бәрің адам өлгендей тым-тырыс отырсыңдар? Кетті ме — кетсін! Не жанына зор келді? Менің сіңлім бар жағдайын жасады. Өмірі жұмақ болып көрінген ғой оған. Үйде бәрі бар, нан көп, бала бағулы, бұл өзі апарып, әкеліп тасиды, ол құтырмағанда енді мен құтырам ба? Жұрттың бәрі Данияр, Данияр деп алдында құрақ ұштық. Неге жылайсың енді? Неге бар жауапкершілікті өз мойныңа жүктеп алғансың? Үйді де, баланы да? Күйеуің жұмыстан келеді де ұйқыға бас қояды. Таңертең әппәқ жағалы көйлегін киіп, жұмысына кетеді. Шипажайда өмір сүргендей тайраңдапты. Үйде бірдеңе бұзылса да, жөндеушіні өзің шақыртасың. Енді қалдың, әне, қатын да өзің, еркек те өзің болып.
Құрбыма жаным ашып кетті:
— Неге Даниярды сонша жерден алып, жерге салып жатырсыз? Ол тамаша маман, келешегін ойлап, қызметте өсуге барын салды. Ал, Сәуле оның тірегі болды. Үй-ішін өзі реттеді. Оның не айыбы бар? — деп әңгімеге араластым.
— Қызметте өсті, керемет маман дейді ғой. Мұның бәрін қайдан білдің? — деп апайы мені кекетіп дастархан басынан тұра берді.
Есім шығып кетті:
— Менің күйеуіммен бір фирмада қызмет етеді ғой. Абай оны үнемі мақтап отырады.
— Кеткен күйеуді мақтауын қарашы. Сенікі неге кетпейді сенен? Бәлкім, құпияң бар шығар ел білмейтін? — апайы мені бас салды. Ішімнен қыпылықтап отырмын. Даниярдың сыбайласы деп шығар мына кісі мені, құрысын, енді үндемейін деп шештім.
Әния өте жұмсақ мінезді, бет әлпеті нәзік, сұлу әйел. Апайына қарап алды да, құрбымызға былай деді:
— Сәуле, өмірде неше түрлі болып тұрады. Мүмкін әлі ойланып қайтып оралар. Бәлкім, тағдыр саған және бір мүмкіндік берер…
Ашуға мінген апайы енді оған өшіге, бастырмалата жөнелді:
— Құрбыларыңның қайғысына қалай немқұрайлы қарайсыңдар, а? Мұндай сөзбен жұбатпас болар!
— Қандай сөз айтады енді? — деп бәріміз жамырап кеттік.
Зейнеп келгелі үндемей отыр еді. Мына жағдайдан соң шыдамы таусылды. Қып-қызыл болып кетіпті өзі. Орнынан тұрды да былай деді:
— Сіз — ересек адамсыз ғой — қайғы, күн туды дейсіз. Данияр өлген жоқ қой, қайғыратындай. Тірі емес пе? Қайғы деп адам бейуақытта көз жұмса, оты өшіп, қазаны сынғанды айтады. Ажырасу — отбасының қиындығы. Кім біледі, әлі ойланып қайтып келер. Өлімнен артық қайғы жоқ. Соны ұмытпайық. Сәуле, бұл қиындық бір сенің басыңа түскен ауыртпалық емес. Көп әйелдің көзбен көріп, жанымен сезінгені. Одан ешкім өлген жоқ. Сен де көтересің.
Апайы шындап ашуланды:
— Егер шеттеріңнен ажырасқан болсаңдар, неменеге келдіңдер мұнда? Күліп кетейін деп пе едіңдер? Сендердің қатарларың көбейді деп шаттанып отырсыңдар ма? — ашудан бізге оқ сөздерін қарша боратты. — Неменеге келдіңдер? Күйеуін қайтарудың амалын білмесеңдер, соған көмек қолын соза алмасаңдар, ақыл қоспасаңдар, не қыл деп жүрсіңдер?
Сәуле шыдамай кетті:
— Зәуре апа, менің достарым қуануға келген жоқ. Олар менен бетер қиналмаса, келмес еді. Егер ақылды, көпті көрген болсаңыз, осыларға қандай сөз айту керектігін үйретсеңізші. Ендігі жерде Даниярдың қайтып келгенін қаламаймын. Керек емес. Бір рет опасыздық жасаған адам оны ертең тағы қайталайды.
Бірақ апайы тыныш таппады. Енді Әнияға қарап ашына сөйледі. Маған ол жұдырығын ала жүгіретіндей көрінді.
Осы жолы Әния шыдамады білем:
— Мен ешбір ақыл қоса алмайтыным рас. Тұла бойы тұңғышым, қызым туғанда дәрігерлер маған оны сал ауруына шалдыққан деп диагноз қойып берді. Бала емделмейді деді. Мұны естіген күйеуім бар затын үндемей жинады да, тайып тұрды. Күйеуден айырылып, науқас баламен жалғыз қалдым. Әке-шешеме рахмет, мені жалғыз тастамады. Әкем ауру қызымды қолымен көтеріп жүріп өсірді. Ханшайым деп атады. Ал, ханшайым не сөйлей алмады, не отыруға шамасы жоқ еді. Құдайға жалынып жүріп, екінші дәрігерлердің көмегімен көп кешігіп барып ол сөйлей бастады. Сөйлемегені жақсы ма еді? Оның айтқандарын естігенше, естімегенім жақсы еді. Тілі шыға салысымен қызым: «мен неге басқа балалар сияқты емеспін? Сабақ оқығым келеді, өзгелер секілді жүгіргім келеді» деді. Не дей алам оған? Қазір қызым он беске толды. Зере бақытты болғысы келеді. Әдемі киім кигісі келеді. Бізөкше киіп, көшеге шыққысы келеді. Неге әкем бізді тастап кетті деп күнде сұрайды. Қызым кітапты көп оқиды. Ерте ме, кеш пе әкем қайтып келеді деп күтеді. Әкесі ынжық, ез екенін қалай айтам? Бұны да қайғы демес ем. Қызым жүріп, сөйлей бастады. Аллаға шүкір. Осыны көргеніме, бұл күнге жеткеніме тәубе деймін. Ал, сіз сезіміне ие бола алмаған бір осал еркектің жас қызға кетіп қалғанын аспан айналып жерге түскендей зор қайғы дегіңіз келе ме?
Өмір қиындығы мен қуанышы қатар жүретін теңіз. Тек соқыр сезімге ерік беріп, теңіз түбіне түсіп кетпеуді білу керек. Ажырасудан адам жақсы да, жаман да болып қалмайды. Сол үшін бет жыртысудың еш қажеті жоқ. Қарғыспен, өшпенділікпен жақсылыққа беттей алмайды адам. Адам болып қалайық. Бұл тағдыр. Жалғыз қалу оңай емес. Қиындықты көтере білген адам қуаныштың да қадіріне жететін болады. Достар осындайда керек емес пе? Біз сенімен біргеміз, Сәуле!
Осы кезде көзіне жас алған Зәуре апай орынан тұрып келіп, Әниядан кешірім сұрап, бетінен сүйді.
Бәріміз дастархан басынан өре түрегелдік. Ешкімнің тамаққа да, басқаға да зауқы соқпады. Бәріміз Әния құрбымыздың ерлігіне тәнті болып, оған ризашылықпен қарадық. Күйеу кетсе, ол қайғы емес. Бауыр еті балаңның ауырғанынан ауыр ештеңе жоқ. Бірақ Әния сияқты қайсар ананың қолындағы бала бақытсыз болып қалуы мүмкін емес!
Дария Джумагелдинова
Аударған: Шынар Әбілдә
