Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше-елдер сенім шараларының Каталогының жобасын жасауда принциптік мәселелер бойынша өзара мәмілеге келді - РФ СІМ-нің өкілі - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше-елдер сенім шараларының Каталогының жобасын жасауда принциптік мәселелер бойынша өзара мәмілеге келді - РФ СІМ-нің өкілі

Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше-елдер сенім шараларының Каталогының жобасын жасауда принциптік мәселелер бойынша өзара мәмілеге келді - РФ СІМ-нің өкілі

Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше-елдер сенім шараларының Каталогының жобасын жасауда принциптік мәселелер бойынша өзара мәмілеге келді. Бұл туралы бүгін, 11-ақпанда Алматыда басталған Кеңеске мүше-елдердің аға лауазымды қызметкерлері Комитетінің отырысында РФ Сыртқы істер министрлігінің жалпыазиялық проблемалар департаментінің директоры Александр Иванов мәлімдеді.

  • 11 Ақпан 2004
  • 693
Фото - Caravan.kz

А.Ивановтың айтуына қарағанда, ендігі жерде кеңеске мүше-елдер өз ұсыныстарын енгізіп, даулы мәселелер шешілуі тиіс «редакциялық жұмыстар» ғана қалып отыр. Сенім шараларының Каталогының жобасы ұйымға мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің қазан айына белгіленген кеңесіне дейін дайындалып бітуі тиіс. «Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне дейін сенім шараларына қатысты салиқалы құжат дайындап бітіреміз дегенге сенім зор»,- деді А.Иванов.

РФ СІМ өкілінің айтуынша, «Азия құрлығындағы қауіпсіздік және ықпалдастық мәселелері, сенім шараларына қатысты ортақ көзқарастарды айқындап, өзара пікір алмасуда Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңес бірегей сұхбат алаңы болмақ». Аталмыш аймақта кейінгі кездері болған оқиғалар «Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңес идеясын баянды болдыру жөніндегі бастаманың терең мән-мазмұнға ие екенін» көрсетіп берді,- дейді А.Иванов. Аймақтағы ахуалдың тұрақтанатын түрі көрінбейді деп атап көрсеткен ол бұған дейін мүлдем бейтаныс болып келген қауіп-қатерлердің пайда болғанын, соның ішінде халықаралық лаңкестіктің дүниежүзілік қауымдастыққа төндіретін қатері күшейе бастағанын атап өтті. А.Ивановтың айтуынша, сенім шараларының Каталогында аталмыш қауіп түрімен күрес жолдары көрсетілуі тиіс. «Бұл біздің жұмысымызға деген сұранысты айқындап береді»,- деді ол.
Отырысқа төрағалық жасаған ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Әбусеитов сенім шаралары жөніндегі құжатқа көптеген мәселелер кешенді түрде қамтылатынын атап көрсетті. Әскери-саяси саладағы ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар нақты қадамдар анықталды. Атап айтсақ, әскери ақпарат және әскерилер алмасу, қарулы күштердің параметрлерін анықтау мәселелері қарастырылды. Қ.Әбусеитовтың айтуынша, Каталогқа сондай-ақ, экономика, экология және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық мәселесі де енді. Бұл сенім шараларының Азиялық үлгісін Еуропалық үлгіден ерекшелеп отырған бір негізгі көрсеткіш,- деді вице-министр. Каталогты «бірегей құжат» деп атаған ол бұрын-соңды кіші Азия құрлығында мұндай құжат мүлдем болмағанын атап көрсетті.
Қазіргі таңда Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске қатысушылар Сенім шараларының Каталогы бойынша жүзеге асырылатын іс-шаралар мен мемлекеттердің құжатты қабылдау тетіктерін жобалау үстінде. Қ.Әбусеитовтың айтуынша, ұйымға қатысушы елдердің өзара ықпалдастығы бірқатар факторларға байланысты қиындықтарға душар болып отыр. Мемлекеттің басым көпшілігінің халықаралық қауымдастық алдында тұрған проблемаларға деген көзқарасы мен түсінігі бір-біріне қарама-қайшы. Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше елдердің кейбіреуінің арасында дипломатиялық байланыстар орнамаған. Қ.Әбусеитовтың пікірінше, мұндай жағдайда ұйым жұмысында «еріктілік, біртіндеп сатылы ілгерілеу және міндеттілік» принциптерінің маңызы зор. Осындай принциптерге бағынған жағдайда, вице-министрдің пікірінше, Кеңес шеңберінде қабылданған шешімдер нақты ықпалға ие болмақ.
Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңес құру туралы бастаманы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтерген. Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық шаралары жөніндегі Кеңеске мүше-елдердің мемлекет және үкімет басшыларының тұңғыш саммиті 2002-жылдың маусым айында Алматыда өтті. Ұйымға Ауғанстан, Әзербайжан, Египет, Үндістан, Израиль, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Пәкістан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан тәрізді 16 мемлекет қамтылады. Ұйымға бақылаушы мәртебесіне Малайзия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония елдері мен бірқатар халықаралық ұйымдар ие болған. Алматыда бүгін басталған бас қосуда Беларусь республикасын ұйымға бақылаушы мәртебесімен қабылдау мәселесі қаралмақшы.

Соңғы жаңалықтар