Жарияланды: 470

«Байқоңыр» ғарыш кешені туған күнін тойлауда

Бүгін Байқоңыр қаласының және «Байқоңыр» ғарыш кешенінің туған күні, олардың іргелерінің қаланғанына - 56 жыл.

Әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағының тарихы 1955 жылдан басталады. КСРО Үкіметінің 1955 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен құрлықаралық баллистикалық зымырандардың сынағын өткізу үшін полигон салу туралы шешім қабылданып, сол жылы 2 маусымда Кеңес Армиясының Бас штабы полигонның ұйымдастыру-штаттық құрылымын бекіткен болатын. Кейіннен Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының құрылғаны күні ретінде дәл осы күн белгіленді. Бүгін Байқоңырдағы салтанатты шаралар қаза болған зымыраншы-жауынгерлердің мемориалына гүл шоқтарын қоюдан басталды. Одан кейін қала әкімшілігі басшысының орынбасары Анатолий Петренко «Онжылдық» стадионында «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атақтарын табыс ету рәсімін өткізді. Ғарыш айлағының 56 жылдығы күні «Байқоңыр қаласының құрметті азаматы» атағына екі әйел - қала және ғарыш айлағының ардагерлері ие болды. Жақында ғана 70 жылдық мерейтойын атап өткен Халида Төлебайқызы Кацук өмірінің жарты ғасырын Байқоңырға арнаған. Мамандығы бойынша мұғалім болған ол кісі Төретам ауылдық кеңесінің алғашқы төрайымдарының бірі, ұзақ жылдар бойы Қазақстан мен Ресейдің жергілікті мемлекеттік органдарында еңбек еткен. Байқоңырдың еңбек сіңірген мұғалімі Роза Иосифовна Сонис - үздік математиктердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, ол кісі бүгінгі мерейтойға Ресейден арнайы келді. Мерекелік іс-шаралар кешке өнер ұжымдарының концертімен жалғасады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть