«Бәйтерек» холдингі мемлекеттің мойнында отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 443.44
  • 480.51
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Бәйтерек» холдингі мемлекеттің мойнында отыр

«Бәйтерек» холдингі мемлекеттің мойнында отыр

 «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне мемлекет жыл сайын қыруар қаражат бөледі. Осының арқасында холдинг 3 жылдан бері таза кіріске қарық болып отыр. Бірақ осы уақытқа дейін ел қазынасына дивиденд түрінде бір тиын да салмаған.

  • 17 Маусым 2016
  • 374
Фото - Caravan.kz

Есесіне, ұлттық компанияның құрамындағы кәсіпорындардың сыртқы борышы 4,9 млрд АҚШ долларына жеткен. Бүгін Мәжілістің қаржы және бюджет комитетінің отырысында депутат Омархан Өксікбаев холдингтің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды BNews.kz.

Депутаттың айтуынша,«Бәйтерек» холдингінің активтері толық дерлік мемлекеттік қаражат есебінен қалыптасып, бүгінгі күні 12 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Жыл сайын холдингтің жарғылық капиталы республикалық бюджет және Ұлттық қордың есебінен жүздеген миллиард теңгеге толығады екен. Соңғы үш жылда ғана мемлекет холдингке 365,4 млрд теңге бөлген.

«Әрине, осыншама қаражат құйылып жатқан кезде кіріс алу қиын емес. Өстіп, 2015 жылы «Бәйтерек» 49,4 млрд теңге сомасында таза пайда тапқан. Жалпы, холдинг жұмысын бастағалы үш жылды да кіріспен аяқтаған, бірақ бюджетке бір тиын да дивиденд төлемей, табысты өзінің жеке капиталына салған. Үкімет жаңа жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру үшін дивидендтерді холдингте қалдыра отырып, бұл қаражатты пайдаланудың нақты бағыттарын анықтамаған», — дейді О.Өксікбаев.

Осындай еркіндікті пайдалана отырып, холдинг соңғы үш жылда ғана өзінің әкімшілік шығындарын 17,5-тен 31 пайызға дейін ұлғайтқан. Депутаттың есебінше,  осылайша, бүгінде холдинг пен оның еншілес кәсіпорындарын қамтамасыз ету үшін мемлекет 32,6 млрд теңгеден астам қаржы бөледі.

«Мінеки, мемлекеттің қаншама қаражаты жұмсалып отыр! Бұл дегеніміз – холдинг қаражатты үнемдеуге аса көңіл бөлмеді деген сөз. Бұл орайда, елімізде жаппай әкімшілік шығындарды қысқарту үшін тиісті іс-шаралар қолға алынғаны белгілі», — деп кейіді депутат.

Оның сөзінше, ұлттық холдингтерді құрған кезде-ақ, олардың басты мақсаттарының бірі ретінде экономиканың негізгі секторларына сырттан мейлінше көп инвестиция тарту болып айқындалған еді. Ал іс жүзінде жағдай қалай? Холдингтер, оның ішінде «Бәйтерек» жеңіл жолды таңдап, инвесторларды іздеудің орнына өздері қарызға батып отыр.


«Тек өткен жылы ғана Бәйтеректің борышы 1021,1 млрд теңгеге өскен. Холдингтің құрамына кіретін компаниялардың жалпы сыртқы қарызы бүгінде 4,9 млрд АҚШ долларына жетті. Осы ретте, бұл сырттан алған қарыз ақшаның тиімді пайдаланылуы күмән тудырады», — деді О.Өксікбаев.

Депутат атап өткендей, холдингтің еншілес компаниялары арқылы инфрақұрылымдық жобаларға Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен қаражат бөлу процесі түрлі деңгейде бірнеше сатыда келісілуі тиіс. Бұл ұзақ процесс, сондықтан ақша тұтынушыға жеткенше жарты жыл, кейде бұдан да көп уақытты қажет етеді. 

«Мәселе мынада – бақылау есепшоттарындағы қаражатқа екінші деңгейлі банктер дивидендтер түрінде пайыздық үстемеақы береді. Сондықтан холдинг еншілес компанияларына қаражатты аударғанша, оны өзінің шотында барынша ұзағырақ ұстайды. Осылайша, холдинг бюджеттік қаражаттың есебінен оңай жолмен ақша тауып келеді», —  деп отыр депутат.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі Президенттің Жарлығымен 2013 жылы мамырда құрылды. Оның құрылымына 11 еншілес ұлттық компания мен қаржы ұйымдары кіреді. Жақында холдингтің басқарма төрағасы болып экс-министр Ерболат Досаев тағайындалды. Бұған дейін холдингті қазіргі Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев басқарған болатын.

 

 

Соңғы жаңалықтар