Жарияланды: 440

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын салуға Еуропалық қайта құру және даму банкі 300 миллион доллар бөлмек

Еуропалық қайта құру және даму банкі негізгі экспорттық құбыр жүйесі-Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын салуға 300 миллион доллар бөлмек. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы баспасөз қызметінің хабарламасынан мәлім болды.

Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырын қаржыландыру мәселесі бойынша , дүниежүзінің 60 мемлекетін біріктірген Еуропалық қайта құру және даму банкі директорлар кеңесінің ақырғы шешімі биыл шығады деп күтілуде. Еуропалық қайта құру және даму банкінің вице-президенті Норин Дойлдың айтуынша, аталмыш соманың 50 проценті банктің өз қаржысы болса, қалған жартысын- жеке меншік банктердің синдикаттық несиесі құрайды. Тағы да осындай схема бойынша банк 200 миллион доллар қаржы бөліп , "Азери-Чираг-Гюнешли кенішін кең көлемде игеру жобасын қаржыландырмақ. Н.Дойлдың айтуынша, қазір Еуропалық қайта құру және даму банкі несие бөлуге жоспарлап отырған Әзербайжанның барлық мұнай-газ жобалары банкте қаралуда. "Біз бұл жерде жобалардың тек экономикалық тиімділігін ғана емес, экологиялық қауіпсіздігін де ескеріп отырмыз. Аталмыш жобалар даму барысында аймаққа экономикалық өсім мен тұрақтылық әкеледі дегенге көз жеткізгіміз келеді",- деді банк вице-президенті. Н.Дойлдың айтуынша, Әзербайжанды аймақ үшін макроэкономикалық және саяси тұрақтылық үлгісі деп атауға тұрады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть