Баланы мектепке қалай дайындаған дұрыс? - kaz.caravan.kz
  • $ 464.02
  • 536.18
+37 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Тамыз
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Баланы мектепке қалай дайындаған дұрыс?

Баланы мектепке қалай дайындаған дұрыс?

Баланы мектепке қалай дұрыс дайындау керек? Неге назар аударған жөн және мектепке байланысты күйзелісті қалай азайтуға болады?

  • 19 Тамыз
  • 1
Фото - Caravan.kz

Осы және өзге де сұрақтарға психолог Айгерім Дәулетқызы жауап береді, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Біріншіден, балаға мектеп туралы жағымды түсінік қалыптастырыңыз.

Мектепті жаңа нәрселер үйренуге, достар табуға және қызықты дүниелермен танысуға болатын орын ретінде таныстырыңыз.

Баланы қорқытып, басқа балалармен салыстырудан аулақ болған жөн.

Оның өзіне деген сенімін қолдаңыз. Өзіне сенімді әрі сабырлы бала жаңа ортаға оңайырақ бейімделеді. Балаға:

«Сенің қолыңнан міндетті түрде келеді!», «Біз саған сенеміз!», «Егер бірдеңе ойдағыдай болмаса, оны бірге шешеміз» деп жиі айтып отырған дұрыс.

Сонымен қатар баланың дербестігін дамытуға көңіл бөліңіз. Бұл оның мектепте өзін сенімді әрі жайлы сезінуіне көмектеседі.

Екіншіден, оқу жылы басталғанға дейін бала мына дағдыларды меңгергені дұрыс:

● өздігінен киіну және аяқ киімін кию;

● заттарын жинау;

● ересектің көмегімен мектеп сөмкесін дайындау;

● жеке бас гигиенасын сақтау;

● өз жұмыс орнын ретке келтіру және тәртіпті сақтау.

Үшіншіден, дұрыс қарым-қатынас жасап, достасуды үйретіңіз.

Балаға сыныптастарымен қалай танысу керегін, мұғалімге сыпайы түрде қалай жүгінуді, көмек сұрауды, өзгелермен келісуді және шағын келіспеушіліктерді сабырмен шешуді түсіндіріңіз.

Төртіншіден, эмоционалдық интеллектін дамытыңыз.

Бала өз сезімдерін түсініп, оларды сөзбен жеткізе алса, уайымын жеңу де оңайырақ болады. Сондықтан оның қорқынышы мен алаңдаушылығын бірге талқылаңыз.

Егер бала мектепке барар алдында қобалжып жүрсе, оған:

«Қорықпа», «Ештеңе етпейді», «Бірінші сыныпқа бәрі де барады» деп айтқаннан гөрі:

«Бір нәрсеге алаңдап жүрсің бе?», «Сені не мазалайды?», «Мен саған қалай көмектесе аламын?» деп сұраған дұрыс.

Сабырлы әңгіме баланың мазасыздығын азайтуға көмектеседі.

Бесіншіден, жеке шекарасын қорғауды үйретіңіз.

Бала ешкімнің оны ренжітуге құқығы жоқ екенін білуі керек. Оған мазаққа немесе қорқытуға төзуге болмайтынын, кез келген жағдайда мұғалімнен немесе ата-анасынан көмек сұрауға болатынын түсіндіріңіз.

Өзіне жағымсыз жағдайда нық түрде «Жоқ!» деудің қалыпты екенін де айту маңызды.

Бала ересектердің әрдайым оған көмектесуге және қорғауға дайын екеніне сенімді болуы керек.

Алтыншыдан, мектеп режиміне біртіндеп көшіңіз.

1 қыркүйекке 2–3 апта қалғанда баланы ертерек ұйықтатуға, ояну уақытын біртіндеп ертерек уақытқа ауыстыруға және тамақтану режимін сақтауға тырысыңыз.

Сонымен қатар сабақ пен демалысты кезектестіріп отырған жөн.

Бұл баланың ағзасына мектептегі жаңа күн тәртібіне біртіндеп бейімделуге көмектеседі.