Жарияланды: 400

Балқаштағы колониядан қашу оқиғасы алдын-ала жоспарланған әрекет

Балқаштағы колонияда орын алған, бірақ жүзеге аспай қалған қашу оқиғасы алдын-ала жоспарланған әрекет, деп санайды Қылмыстық- түзеу жүйесі комитетінің басшысы Сұлтан Құсетов.

«Оларды қашуға дайындаған сыбайластары әбден болуы мүмкін. Қашу әрекетінің жоспарланғаны айдан анық»,- деді С.Құсетов бүгін брифингте. Қашуды ұйымдастырушылардың кім екендігі қазір анықталып жатқанын айтқан комитет басшысы, оларға қару-жарақты сырттан, колонияның қоршау дуалы арқылы тастауы мүмкін екенін айтты. «Тексеру кезінде бақылау-із кесу жолағында лақтырылған қару-жарақтың іздері табылды. Сол жерден скотч, лента, киім-кешек сияқты тағы біраз заттар табылды»,- деп хабарлады С.Құсетов. Комитет басшысы сондай-ақ, колониядан қашу әрекетіне діни экстремистердің қатысы болу-болмауы ықтималдығына қатысты өз пікірін білдірді. «Бұл оқиғаға экстремистердің қатысы болғанын негіздейтін әзірге ешқандай айғақ жоқ. Ұзақ мерзімге сотталған қылмыскерлердің түрмеден қашқысы келетіні қалыпты жайт», - деп түсіндірді С.Құсетов. Дегенмен, өздерін жарып жіберу кезінде қаза болған тұтқындардың бірі «дәстүрлі емес діни ағымды жақтаушы» ретінде есепте тұрғанын қуаттады. Комитеттің ақпараты бойынша, еліміздің колонияларында осындай ағымдарды жақтаушы 100-ге жуық адам жазаларын өтеп жатқан көрінеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін