Қазіргі таңда, Алматы қаласы бойынша салық департаментінің қарауында 336 банкрот салық төлеушілерге қатысты конкурстық өндірістің материалдары жатыр.
Ал жыл басынан бері «банкрот» деп танылған кәсіпорындарға қатысты 112 салықтық тексеру шарасы қолға алынған болатын. Әзірге 38 салықтық тексеру жұмыстары толығымен аяқталды.
Қазір алынған барлық мәліметтерге сараптама жүргізілуде. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына берілетін материалдар да әзірленіп жатыр.
Соңғы жылдары көптеген арамза салық төлеушілер өздерінің жасаған салықтық құқықбұзушылық әрекеттерін жасыру үшін, сондай-ақ салықтық тексеруден жалтару мақсатында өз кәсіпорындарын «жасанды» түрде банкротқа ұшырататын жағдайлар жиі кездесіп жатқаны жасырын емес.
Осындай әрекеттердің жолын кесу үшін Алматы қаласы бойынша Салық депаратменті сот арқылы банкрот деп танылған барлық салық төлеушілерге қатысты салықтық тексерулер жүргізуде.
Бір ғана мысал: «MBK Distribution» ЖШС 23 млн. теңге болатын салықтық қарызын төлей алмағаны үшін сот шешімі бойынша банкрот деп танылған екен.
Салықтық тексеру барысында күмән туғызатын жабдықтаушылармен (жалған кәсіпорындар) көптеген өзара есеп айырысу фактілері болғандығы анықталды. «При Ласт» ЖШС-не қолма-қол ақшамен жалпы сомасы 240 млн. теңге төленгені туралы кассалық құжаттар тәркіленді. Яғни осы сомаға «При Ласт» ЖШС-і қызмет көрсетіпті-мыс.
Сараптама барысында, бастапқы құжаттарға қойылған қол «При Ласт» ЖШС директорына тиесілі еместігі анықталды. Сонымен қатар, тергеу барысында «При Ласт» ЖШС директорының «MBK Distribution» ЖШС-нен ешқандай ақша алмағандығы белгілі болды.
Сонымен, Алматы қаласының қаржы полициясы департаменті «MBK Distribution» ЖШС директорына қатысты қылмыстық іс қозғады.