Барахолкадағы өртке қатысты іс бүгін Жетісу аудандық сотында басталды. Қыркүйектегі сол өртте 300-ге жуық контейнер күлге айналған болатын. Ал тергеушілер от қасақана қойылмаған, бірақ адами фактор бәрібір себепші деген қорытындыға келіпті. Сөйтіп, айыптылар орындығында – 48 жастағы Жанат Қайранов есімді мына саудагер мен «Олжа» базарының директоры 53 жастағы Мұсағали Алдабергенов отыр. Бутик иесі дәнекерлеу жұмысы кезінде өрттің тұтануына себепкер болды десе, базар қожайынына «қауіпсіздік ережесін бұзды» деген айып тағылған. Бірақ кәсіпкер ғана кінәсін мойындауда.
— Кінәңізді мойындайсыздар ма?
— Жоқ, тағылған айыппен келіспеймін.
—Сіз ше?
— Келісем, бірақ ішінара.
Жанат Қайрановтың айтуынша, сол күні ол шынында да жалға алған бутигін ретке келтіру үшін дәнекерлеу жұмысын жүргізген. Бірақ одан шыққан өрт тек көрші бірнеше нүктені шарпып барып, сөндіріліпті. Сондықтан адвокаты: «Оның ірі өртпен байланысы жоқ», — дейді.
Қайырболат Егеубаев, Ж.Қайрановтың адвокаты:
-Оған қылмыстық кодекстің 188 бабы бойынша айып тағылып отыр. Айыпты біз жартылай ғана мойындаймыз. Себебі ол жағылған контейнерге жәбірленуші Бахтиярова қарсы шағым түсірген.
Десе де «осы азаматтың кесірінен контейнеріміз өртенді» деп 13 кәсіпкер арыз түсірген екен. Келген шығын көлемін 320 млн. теңге шамасында бағалапты.
Сергей Уткин, жәбірленушілердің адвокаты:
-Айыталушы жақтың адвокаттары осы контейнерден шықан өрт пен «Аян» базарына жалғасқан өртті бөлек қарауды талап етіп отыр. Екеуі екі себеппен болды деп. Ал прокурорлар байланысты дейді. Көреміз, енді, сарапшылардың не айтарын.
Барахолкадағы алғашқы өрт 13-ші қыркүйекте болған. Ол кезде тілсіз жау «Олжа», «Аян» және «Керемет» базарларын шарпып, 5 мың шаршы метр аумақ күлге айналған-ды. Егер сот осы өртке аталған азаматтардың қатысы бар деп тапса, екеуі де кемі 7 жылдан арқалауы мүмкін. Осы тұста айта кетерлігі, бұл істе тағы бір базар басшысы жауапқа тартылуда. Бірақ оның соты бөлек қаралады.