Барахолкадан қуылған саудагерлер ақшаларын қайтара алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 474.47
  • 541.37
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Барахолкадан қуылған саудагерлер ақшаларын қайтара алмай жүр

Барахолкадан қуылған саудагерлер ақшаларын қайтара алмай жүр

Алматының жаңа базарында шу! Былтыр Барахолкадан қуылған саудагерлер осы «Жетісу» сауда орталығынан жаппай орын сатып алған екен. Бірақ 1-ші мамырда ашылуы тиіс базарда әлі құрылыс жұмыстары жалғасуда. Оның үстіне жұрт қараша айында төлеген ақшасының қайда кеткенін білмей дал. Ал базар басшылығы болса, саудагерлермен келісім-шарт жасасқан бұрынғы әкімшілік үшін жауап бермейміз деп қарап отыр.

  • 7 Мамыр 2014
  • 311
Фото - Caravan.kz

Бутиктер мен қоймалардың сатылатыны жайлы жарнама жаңадан салынып жатқан «Жетісу» базарының әр тұсынан көрінеді. Барахолка базарлары сүріле бастағанда саудагерлердің дені қыста жылы, жазда салқын болады деген осы орталықтан орын сатып алуға асыққан. Ақшасын да көбі алдын-ала төлепті. Енді жұмысқа кіресеміз деп жүргенде не ақша, не бутик жоғын біліп жаға ұстап отыр.

Лиза Батырбекова, саудагер:

Бұл бүкіл халықтың ақшасына салынып отыр ғой. Біз сияқты алданған адамдар – екінші этаждың барлығы. Енді біздің секторды былай бөліп қойған, тізім бар. Бізге бергісі келмейді орнымызды. Біз сияқты адамдар 300 адам. Көбісі білмейді сатып алып, енді орынсыз қалғандарын. 

Бұл саудагерлердің барлығы сауда орнының әр шаршы метрі үшін мың доллардан төлеген екен. Енді жаңа басшылық орын керек болса қайта сатып алыңдар депті. Ал ақысын қайтаруды сұрағандарға тұщымды жауап беретін тірі жан жоқ. Бүгін де базар басшылығының өзімен сөйлеспек болған оларға есік алдындағы күзетшілері жұдырық ала жүгірді. Бірақ ашынған саудагерлер бұған қараған жоқ.


–  Мен бұл жерде қауіпсіздікке жауап берем. Кірмеңдер деп тұрмын ғой. Кірмеңдер.

Жұртқа шықпай тар бөлмеге бірнешеуін ғана кіргізген басшы өзгелерін терезеден сығалап тұруға мәжбүрлетті. Айтуынша, бутиктердің паспортын сатқан азаматтың ол нысанға қатысы болмаған. Қыруар қаржыны қалтасына басып, қазір жасырынып жүрген көрінеді.

Петр Немилостьев, базар құрылтайшысы:

— Тағы айтам ақшаны қалтасына салып алған. Бір тиынын бізге өткізген жоқ. Енді маған не дейсіңдер?

Дегенмен мәселені бейбіт түрде шешу үшін жаңа базар басшылығы 1 апта уақыт сұрады. Бұл жоспары іске аспаса саудагерлермен бірігіп, полицияға арыз жазуды жөн көріп отыр.