40 жылдық тарихы бар бұл әуежайдан кезінде күніне 40 рейс ұшатын. Нысанның қазіргі түріне қарамастан оның «халықаралық» деген мәртебесі бар. Кешеге дейін шұрық-тесік ұшу алаңына аптасына 6 рейс қабылдап, аттандырыпты. Енді міне Азаматтық авиация комитетінінің шешімінен кейін бұл жер құлаққа ұрған танадай тып- тыныш.
— «Скат» әуе компаниясына тиесілі мына ұшақ Петропавл халықаралық әуежайына алдыңғы күні келіп қонған екен. Кесте бойынша бүгін таңертең Астанаға ұшып кетуі тиіс еді. Алайда сертификаты кері қайтарылған Петропавл әуежайы оған қызмет көрсете алмағандықтан, борт көкке көтеріле алмай тұр.
Бұл рейске билет алған жолаушылардың ақшалары кері қайтарылыпты. Осыдан екі жыл бұрын ғана сот шешімімен коммуналдық меншікке өткен нысанда қазір жүзге тарта қызметкер жұмыс істейді. Бірақ көптен бері айлықтарын уақтылы алған емес. Ал әуежай әкімшілігі мен шенеуніктер Азаматтық авиация комитеті мамандары көрсеткен кемшіліктерді түзетуге кірісіпті.
Анатолий Моложенко, «Петропавл халықаралық әуежайы» АҚ жолаушы және жүк тасымалы қызметінің бастығы:
-Қазір біз өрт сөндірушілермен келісіп, жаңа көліктерді жалға алдық. Жанармай қоры да жеткіліксіз еді. Оны да толтырып жатырмыз. Бәріне қаржы керек, уақыт керек.
Әуежай әкімшілігі комиссия көрсеткен кемшіліктер ауыз толтырып айтуға тұрғысыз дейді. Сондықтан айналасы екі күнде бар мәселе шешіледі деген сенімде. Тіпті Авиация комитетінің мамандарын Астанадан қайта шақыртып қойыпты.
Серік Мұхамедиев, СҚО жолаушылар транспорты мен автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары:
-Авиация комитетіне кешміліктерді жойып жатырмыз деп есеп беріп қойдық. Бүгін-ертең олардан келетін мамандар қайта тексеру жасап, әуежайды ашуға рұқсат берулері тиіс.
Соңғы бес жылда бұл әуежай түрлі себептермен он шақты рет, тіпті жылдап жабық тұрған кездері болған. Қазір ұшу алаңы мен терминалды жөндеуге 4 млрд теңге бөлініп, құрылысты жүргізетін мердігер анықталыпты. Бұл жұмыстар алдағы жылы аяқталуы тиіс. 2016 жылы Петропавлда шекаралас елдердің форумы өтеді. Ал Қазақстан мен Ресей президенттерінің ұшақтары қонатын әуежайдың әзірге сиқы мынау.