Жарияланды: 420

Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызды автожолдарды жөндеуге 1 млрд. 125 млн. теңге бөлінді

2003- жылы Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызды автожолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен 1 млрд. 125 млн. теңге бөлінді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Батыс Қазақстан облыстық әкімшілігінен хабарлады.

Әкімшілік мәліметтеріне сәйкес, қазіргі жағдаймен барлық қаржы негізінен игерілді. Жөнделген жолдардың жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайды. Торговая жылғасы мен Елек өзені арқылы өтетін көпірлерді күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалау жұмыстары аяқталды. 2004-жылы Батыс Қазақстан облысында республикалық маңызды автожолдарды жөндеу және салуға 2618,7 млн. теңге бөлінеді деп межеленген. Бұл қаржы "Самара-Шымкент" және "Орал-Каменка- Ресей Федерациясының шекарасы " бағытындағы автожол учаскелерін, сондай-ақ, төрт су өткізгіш құбырларды күрделі жөндеуге және жаңалауға жұмсалады деп күтілуде. Сондай-ақ, Жапондық несие қаржысына "Орал-Атырау" бағытындағы автожол құрылысы одан әрі жалғасады. 2003-2004-жылғы күз-қыс маусымында көлік құралдары қозғалысының үздіксіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолдарды қысқы маусымға әзірлеудің ұйымдастырушылық-техникалық шаралары жобаланып, жанар-жағармай мен көктайғақтан қорғану материалдарының қамтамасыздығына бақылау орнатылды. Ал облыстық маңызды жолдарға келсек, әкімшіліктен хабарлағанындай, қазір сметалық құны 101 млн. теңгені құраған "Чапаево-Жанғалы" автожолының 15- шақырымында көпір пайдалануға берілді. "Жымпиты-Қаратөбе" бағытындағы 16 шақырымдық қиыршық тас төселген автожолды жөндеу жұмыстары аяқталып, Жәнібек және Қаратөбе аудандарында су өткізгіш құбырлар жөнделіп, Қазтал ауданындағы жер қабаты жаңғыртылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін