Бауыржан Байбек бүлінген Алматы жолдарын жөндеуге күзге дейін уақыт берді - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бауыржан Байбек бүлінген Алматы жолдарын жөндеуге күзге дейін уақыт берді

Бауыржан Байбек бүлінген Алматы жолдарын жөндеуге күзге дейін уақыт берді

Қыстың қарынан Алматы көшелерінің 35 пайызы бүлінген. Олардың барлығы күзге дейін толықтай жөнделіп, бітуі тиіс. Қала әкімі жолдың сапасына жауапты басшылар мен аудан әкімдерін жинап, тас жолдың тақтайдай тегіс болуын тапсырып, қала тұрғындарына қолайсыз жағдай туғызбау керектігін қадап айтты. Үш кезеңнен тұратын жөндеу жұмысында бір мың елу екі шақырым жолға жөндеу жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, тесілген жолды жамауды жылдам, әрі сапалы жүргізетін жаңа техника да әкімге таныстырылды.

  • 11 Сәуiр 2017
  • 319
Фото - Caravan.kz

Әкім шұрық тесік жолды дұрыс жамамаған құрылыс компаниясын тауып, өз қаражатымен қалыпқа келтіруді тапсырып отыр. Жалпы, Алматыдағы жүздеген көшенің ұзындығын біріктірсе үш мың шақырымнан асады. Қыстың қары мен көктемнің суынан жолдардың 35 пайызы бүлінген. Әр ауданның жолын тексеріп шыққан мамандар тас жолдың 65 пайызын жарамды десе, қалған бір мың елу шақырым жолға жөндеу жүргізілу керек деп шешті.

Биыл бүлінген асфальтті ауыстыру мен шұрық тесік шұңқырларды жамауға 7 миллиард теңге жұмсалмақ. Оның тек 1 миллиард теңгесі жоспарлы түрде жөнделетін жолдарға бөлінсе, беткі 5 см қабаты алып, қайта тегістелетін, яғни орташа жөндеу жасалатын жолдарға 5,5 миллиард теңге қарастырылыпты. 85 мың шаршы метр жаяу жүргінші жолы мен 130 аялдаманың айналасын тегістеуге 500 миллион теңге бөлінген.

«Орташа жөндеу науқаны үш кезеңнен тұрады. Біз 34 көшедегі 37 шақырым жолға конкурс өткіздік. Ол жұмыстарға бүгіннен бастап кірісіп жатырмыз. Екінші кезеңде он тоғыз көше, яғни 34 шақырым. Үш кезеңде 1320 шақырым жолды жөндеп өтуіміз керек. Орташа жөндеу деген сөзіміз мына жолдың бетіндегі 5 см жабындыны алып тастап, қайта жаңадан төселеді. Кеш бастаған себебіміз — мынау асфальт пен шұңғқырды жамаған кезде бір күндік температура плюс 10 градустан жоғары болуы керек», — деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАҚОВ.

Ағымдағы жөндеуге — 2, ал орташа жөндеу жұмыстары жасалған асфальттарға 5 жыл кепілдік беріледі. Бірақ бір қыстан қалмай тесіліп, қала халқына қолайсыздық тудыратын жолдар аз емес. Әкім өз ісіне атүсті қарап, көз бояушылыққа барған құрылыс компанияларын анықтап, оларға қатал қарауды тапсырды. Биыл тек Саин даңғылы мен Тау самалы аралығын жалғайтын Жандосов көшесінің тек 2 шақырымы толықтай ауыстырылмақ.


Қала көшелерін аралған әкімге қазылған жолды жамайтын, қалыпты температураны сақтап тұратын жаңа көлікте таныстырылды. Жөл жөндейтін компанияның қаржысына алынған жалғыз машина тиімділігін көрсетсе, келесі жылы олардың санын арттыру көзделіп отыр. Қазір қала көлемінде ойылған жолдарды жамауға 12 бригада жұмылып жатса, айдың соңына дейін 28 бригада жасақталмақ.

Соңғы жаңалықтар