Жарияланды: 1500

Беймәлім өкпе қабынуы індетін жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылған Семей тұрғынының диагнозы дәлелденбеді

Семейде дүниежүзін дүрліктірген ТОРС синдромын жұқтыруы мүмкін деген күдікпен жұқпалы аурулар ауруханасына бір жас жігіт жатқызылған көрінеді. Бұл туралы мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының төрағасы міндетін атқарушы Бағлан Шегедеков KZ-today тілшісіне хабарлады.

Оның айтуынша, өзінің бір танысының үйіне қонаққа келген жігіт көп қабатты үйдің сатысымен көтерілу барысында тынысы тарылып, көршілерден жедел жәрдем бригадасын шақыруды өтінген. Шақыру бойынша бейдауа өкпе қабынуының алдын алу жөніндегі комиссия мүшелері мен дәрігерлер келеді. Сөйтіп әлгі жігіт беймәлім өкпе қабынуы індетін жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылады. Жігітпен байланыста болған адамдардан басқа аурухананың барлық емделушілері шұғыл түрде үйлеріне жіберіледі. Жігіт өзінің мамырда Қытайда болғанын, сол жаққа түсті металл тасымалдаумен айналысқанын, үйге оралған кезде кеудесі ауырып, демікпеге шалдыққанын хабарлайды. Бұл белгілерге қоса, науқастың ыстығы көтеріліп жөтеле бастаған. Бағлан Шегедековтың айтуынша, қаладағы осындай төтенше ахуал 10 сағатқа жалғасты. Зерттеулер мен дәрігерлер консилиумы нәтижесінде беймәлім өкпе қабынуы індетінің диагнозы дәлелденбей, науқасқа құрт ауруы деген диагноз қойылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть