Біреудің тоқалы екенімді тұрмысқа шыққан соң бірақ білдім - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Біреудің тоқалы екенімді тұрмысқа шыққан соң бірақ білдім

Біреудің тоқалы екенімді тұрмысқа шыққан соң бірақ білдім

Құрметті «Алаш айнасы», мен сіздердің интернет порталды оқып отырып, әйелдердің сырласы болып кеткен басылым екендеріңізге қуандым. Сөйттім де, өзімнің басымнан өткен жайттарды сіздер арқылы оқырманға жеткізуді жөн көрдім

  • 13 Қаңтар 2019
  • 38034
Фото - Caravan.kz

Мен Алматы облысының қызымын. Жасым 23-те. Жоғары білімді азаматшамын. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін бітірдім. Қазір осы өзім оқып білім алған оқу ордасында жұмыс істеймін. Бір ұлдың анасымын. Тұрмысқа осыдан бір жарым жыл бұрын шықтым. 

Әңгімені әуелден бастасам, студенттік өмірдің қызығына тоймай, емтихандардың қиыншылығын ғана көріп өткен заман еді. Әке-шешем қасымда. Сабақты үйден барып келіп оқимын. Қаржы жағынан еш таршылық көріп жүрген жоқ едім. Әке-шешем жалақысын ала сала үйдің үлкені және студент болғандықтан бірінші кезекте менің жоғымды түгендейтін. Оның үстіне оқуға грантқа түскендіктен, ата-анамның алдында тіптен қадірім арта түскен. Осылайша қызық думанмен студенттік өмірде өте шықты. Мен оқуымды қызыл дипломмен бітіріп, магистратураға түстім. Бұл кезде шешем «қыз мұраты кету» екенін жиі айтып, құлақ етімді жей бастаған. Оңаша қалсақ шешем болашақ ана екенімді, қыз баланың ең басты мақсаты өмірге сәби әкелу екенін жадыма құятын. Осылай күндерім өтіп жатты. Сөйтіп, жүргенде магистратураның бірінші курсын оқып бастадым. Осы кезде мен Ерлан есімді жігітпен таныстым. Ол да университеттің магистратурасында оқиды екен. Бірақ факультетіміз басқа. Екеуміз ең алғаш асханада таныстық. Адамдардың көптігінен асханада орын болмай, ол менің қасыма отырып ас ішуге рұқсат сұрады. Мен сол күні құрбыларым келмей жалғыз түстеніп отыр едім. Екеуміз әңгімелесіп отырып түстендік. Артынша телефон алмастық. Бір қарағанда жинақы киінген, сөйлеген сөзі де өзге жігіттерге ұқсамайтын ұстамды жігітке мен бір көргеннен жылышырай таныттым. Жас айырмашылығымызды есептеп көрсем, тұп-тура тоғыз жас үлкен екен. Бірақ үлкендігі аса білінбейді. Мамандығы технолог. Жұмыс орыны магистратураны оқуға міндеттеген соң ол маған «кеш те болса жастармен жағаласып оқуға тура кеп жатыр» деп қояды. Сонымен не керек, қалжыңдасып, біраз әңгімелесіп тарқастық. Осылай біз ара-тұра университетте кездесіп қалып жүрдік. Асханада кездесіп қалсақ бірге түстенетін едік. Сондай бір түскі аста ол мені Медеу шатқалына кездесуге шақырды. Өзі қаншама жыл Алматыда жүрсе де Медеуге барып көрмегенін айтты. Шынымды айтсам, Медеуге бармағалы да көп болған еді, оның кездесуге шақырғанына бірден келісім бердім. Сөйтіп екеуміз сенбілік демалыстардың бірінде оның көлігімен Медеуге тартып кеттік. Демалыстың жаныма жайлылық сыйлағаны соншалық мен апта бойы өзімді жеңіл сезіндім. Келесі бір демалыста ол достарымен бірге мені Түргенге шақырды. Міне, осы демалыс кезінде ол маған сезімін білдірді. Әрине, мен онымен қыз бен жігіт болып қол ұстасып бір жүруге келісім бердім. Осылай шаттыққа толы күндер өте берді. Біздің ара-қатынасымыз жақындаған үстіне жақындай түсті. Тіпті бір бірімізге бауыр басқанымыз соншалық бір-бірімізді көре алмасақ тұра алмайтын жағдайға жеттік. Екі жылдың ішінде мен магистратураны бітірдім. Университетке жұмысқа тұрдым. Күндер өтіп жатты. Сөйтіп жүргенде мен өзімнің жүкті екенімді білдім. Асқан толқыныспен осы хабарды оған жеткізгенде, ол қоса қуанды. Бірақ сол күні кеткеннен бір жұма бойы хабарласпады, кездеспедік. Мен ақыры шыдамай оны жұмысына іздеп бардым. Ол сол күні мені қолдан ұзатып алмайтынын, тек алып қашып үйіне апарып беташар жасайтынын, артынан екі жақ өздері келісіп алатынын айтты. Бұл ұсыныстарға бір жағы қуанып, бір жағы қорқыңқырап келісімімді бердім. Сөйтіп, межелеген уақыта ол мені алып қашты. Мен үлкен шаңыраққа келін болып түстім. Бірақ байқағанымдай бұл үйдегілер менің келгеніме аса көңілді емес тәрізді. Ұнжырғалары түсіп жүріп келген кісілерді күткен болды. Бір қарағанда жағдайлары бар, ауқатты отбасы тәрізді. Жағдайларына қарап «неге осынша үлкен ұлдарын үйлендіруге, мені қолдан ұзатып алуға қадам баспады екен» деп те ойлап үлгердім. Осылай көрші-қолаң «құтты болсын» айтып кіріп-шығып жатты. Біздің жаққа кешірімге кісі аттанды. Кешкісін жігітіммен оңаша қалдым. Сол кезде ол маған «салмақты әңгімесі бар екенін» айтты. Әңгіме үстінде ол маған мені өзіне екінші әйелдікке алып отырғанын, бұл қадамға бару оңай болмағанын, өзінің бірінші әйелін барынша сыйлауымды, одан екі қызы бар екенін, әйелінің келісімін алу оңай болмағанын, әке-шешесі де оңайлықпен келіспегенін айтып жатты. Мен «аспан айналып жерге түскендей» бір күйде тұрмын. Мең-зеңмін. Тіпті ол «мұның барлығын қалжыңдап тұр екен» деп, күле беріппін. Амалым не, ішімдегі үш айлық баламды ойлап, «оң жақта отырып бала тауыпты» деген сөздерден қорқып, мен осы үйде қалдым. Осылайша біреудің тоқалы болып шыға келдім. 

Рас, күйеуім табысқор. Біз үйленгеннен кейін ол мені жеке отау етіп қаладан үй алып бөлек шығарды. Ұлымды енем қарап отыр. Мен ұлым бір жасқа толар-толмастан жұмысыма шығып кеттім. Бәйбіше де, мен де бұл жайтқа көндіктік. Бәйбішенің қыздары үйге келсе мен де оларды барынша жақын тартуға тырысамын. Атам мен енем де маған үйреністі. Өзімнің әке-шешем де бұл жайтқа көндікті. 

Міне, мен осылайша өзімнің статусымның тоқал екенін тұрмысқа шығып алған соң бірақ білдім. Әрине, сүйген адамыңды біреумен бөлісу қиынның қиыны екен. Бірақ ақылға салдық. Тоқтамға келдік. Күйеуімнің парасаттылығының арқасында ұлым жетім қалмады. Әйтпесе ол «мен сені қолжаулық еткенмін, менің отбасым бар, менен әрі жүр» десе қайтер едім деп те ойланамын. 

Бір жағынан отызға келген, тіпті отыздан асып кеткен қыздардың жалғыз «соқа басы» жүргеннен, біреудің тоқалы болғаны да дұрыс-ау деп қоямын. Бұл жайында менің ойым осы. Ал сіздер қалай ойлайсыздар?

Әйгерім, 



Алматы қаласы

 

Соңғы жаңалықтар