Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы маусымдық демалыс орындарының бірі ретінде Алакөлдің аты ел ішімен бірге, сыртында да зор танымалдылыққа ие болып келе жатқандығын айтты.
«Биылғы жылдың маусымын қазақстандық ғарышкер, Қазақстанның және Ресейдің Халық батыры, ҚР авиация генерал-лейтенанты, сенатор Талғат Мұсабаев, КСРО ұшқышы әрі ғарышкері, Кеңес одағының батыры Анатолий Арцебарский, РФ батыры, Қазақстанның Халық батыры, ұшқыш әрі ғарышкер Юрий Маленченко мен РФ батыры, заң ғылымдарының докторы, профессор Юрий Батурин ашқан болатын. Ғарышкерлердің арнайы келуі әйгілі Алакөл суының емдік қасиетін әлем халқының есіне салды. Өз заманында кеңестік ғарышкерлер ғарыш радиациясынан тазару үшін Алакөлдің суына түсіп, ғарышқа ұшып келгеннен кейін медициналық оңалтудан өткен болатын», — деп жазады Арыстанбек Мұхамедиұлы Фейсбук парақшасында.
Министр атап өткендей, осының арқасында Алакөлге келіп демалушылардың саны биыл едәуір артқан.
«Алакөлдегі туристік дүмпу биыл туристердің санын 30 пайызға арттырып, келушілердің саны 1 миллион адамнан асты. Олардың 120 мыңы Ресейден келген», — деп жазады Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Еске сала кетсек, өткен жылы Алакөлде 750 мың адам демалғанын хабарлаған болатынбыз.