Биыл Атырау облысында 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ
Атырау облысында биыл 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорындар «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен кәсіпкерлердің жеке қаражаты арқылы салынып жатыр. Ал мемлекеттен алған қаржыны бизнес өкілдері өндіріс жолға қойылған соң біртіндеп қайтаратын болады. Өткен 3 жылда облыста өңірлерді дамытуға арналған инвестициялық бағдарлама аясында жалпы құны 27,7 млрд теңгенің 24 жобасы іске қосылып, 3 мың адам жұмыспен қамтылған болатын. Олардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған. Асылтұқымды сиыр және ешкі сүтін өңдеу кешендері жұмыртқа және құс етін өндіру, ет-шұжық комбинаттары өңірдегі азық-түлік қорын қалыптастыруға үлес қосты. Жергілікті диқандар да егістік алқабын арттырып, түгелдей тамшылатып суару әдісіне көшті. Биыл Индер ауданында шетелдік инвесторлардың қатысуымен салынатын аумағы 20 гектарды құрайтын жылыжай күн энергиясын пайдалану технологиясы арқылы жұмыс істейтін болады. Ал жалпы құны 13 млрд теңге болатын мемлекет және отандық кәсіпкерлердің 5 инвестициялық жобасы іске қосылған тұста 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Оған қоса мұнайлы өлкеде дәрі-дәрмек зауыты көлік логистикалық орталығы мен сервистік дайындау орталығының құрылыстары қатар жүргізіліп жатыр.