Биыл қажылық сапары 22 күнге дейін қысқарды
![]() |
ҚМДБ Қажылық Миссиясының өкілдері Сауд Арабия Қажылық министрлігінің лауазымды қызметкерлерімен кездесу өткізіп, |
қажылық сапарына қатысты туындаған кейбір мәселелер төңірегінде келіссөздер жүргізді.
«Қазақстандық делегация бұған дейін қажылыққа байланысты (ұшу кестесінің қолайсыздығы, қажылық сапарының 30 күнге созылуы, тікелей рейстің болмау себебінен халықаралық әуежайларда 16 сағатқа дейін күту, билет бағасының көтерілуі т.б.) төңірегінде туындаған мәселелерді отандастарымыздың пайдасына шешуге қол жеткізді», делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қажылық миссиясының мәлімдемесінде.
Биыл қажылық сапары 2015 жылдың 11 қыркүйегінен басталады. 2015 жылғы қажылық маусымының басты жаңалығы - тұңғыш рет Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Жидда (яғни, Мекке қаласына) бағыты бойынша тікелей рейстің ашылуы. Бұл - Қазақстан қажылары үшін мол мүмкіндік, үлкен жеңілдік.
Жидда қаласына тікелей рейстің болмауына байланысты Қазақстан қажылары Түркияның, Біріккен Араб Әмірліктері әуежайларының қонақ үйлерінде немесе күту залында 16 сағатқа дейін өз рейстерін күтетін. Орта жолда ихрамды (ер кісілердің қажылық кезінде киетін тігісі жоқ екі ақ мата) киюде де қолайсыз жағдайларға тап болатын. Саудия билігінің қажылық ережелеріне өзгерістер енгізу нәтижесінде Қазақстан қажылары үшін тікелей рейстердің кестесі бекітілді. Қажыларды тасымалдау жұмысын Сауд Арабия Корольдігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті арасында қабылданған меморандум бойынша белгіленген арнайы әуе компаниялары жүзеге асырады.
Бұған дейін жерлестеріміз транзиттік рейстермен бір күнге жуық уақытын, дәлірек айтқанда, 14-16 сағатын жолға шығындаса, енді 6 сағаттың көлемінде қасиетті қалаға баруға мүмкіндік алды. Игі бастама ең әуелі уақыт пен қаржыны үнемдеуге оң ықпал етеді. Енді бесінші парызын өтеуші азаматтар Қазақстаннан ихрам киімін киіп, тікелей Мекке қаласына бағыт алады.
Жуырда ақпарат құралдарында талқыланған қажылық сапарының 30 күнге дейін ұзақ мерзімге созылу мәселесі де Сауд Арабиясында өткен келіссөздер нәтижесінде 17-22 күнге қысқарды. Осыған орай, қажылық шығындары да азаймақ.
Бүгінгі таңда қажылыққа баратын азаматтардың таңдауы бойынша, материалдық мүмкіндіктеріне орай оларға әртүрлі деңгейдегі стандарт пакеттер ұсынылған. Қажылық фирмалардың ұсынған стандарт пакеттегі бір адамға жұмсалатын шығын 3200-3900 долларды құрайды. Тіпті, 2900 доллар көлеміндегі эконом-пакеттер де қарастырылған.
ҚМДБ қажылық фирмалардан бағаны себепсіз көтермеуді ескертеді әрі бұл мәселені қадағалайды. ҚМДБ осы ескертулерді орындамаған фирмаларды қажылық квота беру құқығынан айырып, оларға қатысты шаралар қабылдайтынын да мәлімдейді. Діни басқарма қажыларға қолайлы жағдай жасауға әрқашан мүдделі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі орта және кіші кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосу мақсатында қажылық сапарының ұйымдастыру жұмыстарын 20 қажылық фирмалардың құқығына берген.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін