Бұл жерлерді кезінде қалталылар қаланың экономикасына пайда әкелетін нысан саламыз және ауыл шаруашылығымен айналысамыз деп арзан бағаға алған. Дәл осындай келісіммен берілген телімдердің бірі — Есілдің сол жағалауындағы аумағы 1 жарым гектар болатын мына учаске.
-Жеке кәсіпкер бұл аумақты тұрғын үй кешенін саламын деп алған екен. Алайда, 5 жылдан бері баспананың ірге тасы да қаланбаған. Сондықтан, әкімдік жер учаскесін жуырда ғана кері қайтарып алыпты. Енді аумақ өзге адамдардың меншігіне берілуі мүмкін.
Жалпы, Астанада бос жатқан 15 мың гектар аумақ бар екен. Көбісін жалғыз иемденіп алғандар көп. Пысықайлардың әрекетін жуырда президент те қатал сынаған еді. Елбасының ескертуінен кейін шенеуніктер ерекше шабыттанып шыға келді. Бар болғаны екі аптаның ішінде бос жатқан мың жарым гектар жер телімін иелерінен тартып алыпты. Алда қайтарылатындарының тізімін жасап картасына дейін сызып қойған.
Ербатыр Ахметов, Астана қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясының басшысы:
— Екі жылдан көбірек пайдаланылмай жатқан жер учаскелерге шара қолданып жатырмыз. 1 600 гектар құрайтын 52 жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы соттың оң шешімі бар. Тағы 116 жер учаскесінің мәселесі біздің талап, арыздармен сот органдарында қаралу үстінде.
Жаппай жерінен айырылып жатқандардың қатарында қарапайым тұрғындар да бар. Аршалы ауданының әкімдігі 5 жыл бұрын әр отбасына 10 сотық жер телімінен таратып жұртты жарылқаған екен. Енді жоспар өзгерді деп тартып алмақшы.
Әния Көшкімбаева, Астана қаласының тұрғыны:
-Шешімі барлығы қолымызда бар, берілген. Уақытша арендаға берді, үйді салдық. Енді «сүріп таста» дейді.
Сәуле Шәкуова, Астана қаласының тұрғыны:
-Жаңадан генплан шығып жатыр, — дейді. Қаланың бас жоспарына сіздер кірмей жатырсыздар дейді. Енді біз қайда қаламыз? Енді біз салған фундаментімізді, үйді қайда жібереміз? Орнына жер берсін.
Басқа учаске беру туралы жақ ашып жатқан ешкім жоқ. Енді қыстың көзі қырауда жүздеген отбасы далада қалғалы тұр.