Жарияланды: 550

«Бота» қоры әлеуметтік көмекке зәру 32 мыңнан астам адамға қаржылай көмек көрсетті

«Бота» қоғамдық қоры соңғы екі жылда әлеуметтік көмек көрсетуге бағдарланған үкіметтік емес ұйымдарға 4 млн.АҚШ доллар сомасына 200 грант бөлді.

Бұл туралы бүгін Астанада аталмыш Қордың әлеуметтік қызметтерді қолдау бағдарламасының менеджері Жаңыл Мұқашова мәлім етті. «Бүгінгі күні Қазақстанда әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тұратын 17 мыңнан астам балалар мен жастар «Бота» қорының «Әлеуметтік қызметтер» бағдарламасы бойынша тікелей көмек алып отыр», - дейді ол. Қор өзінің «Әлеуметтік қызметтер» бағдарламасы арқылы 24 жасқа дейінгі балалар мен жастарға сапалы білім мен медициналық қызметтерге қол жеткізуге, мектепке дейінгі мекемелерге орналасуға, қиын өмірлік кезеңдерде қолұшын беруге ұмтылған ҮЕҰ-ларды қаржыландырады. «Бота» қорында қоғамның әлсіз топтарын қолдауға бағытталған тағы екі бағдарлама бар. «Келісілген ақшалай жәрдемақылар» бағдарламасы - табыстары күнкөрістің ең төменгі шамасынан аз отбасыларға, олардың балаларының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға арналған. Бағдарлама ілкі жоба ретінде 2009 жылы Қызылорда мен Ақмола облыстарында жүзеге асырыла бастады. 2011 жылы ол Алматы облысында да жұмыс істей бастады. Бағдарламаның бенефициарлары - жүкті және бала емізетін әйелдер, мектепке дейінгі білімге мұқтаж 4-6 аралығындағы балалар, мүмкіндіктері шектеулі 16 жасқа дейінгі балалар және 16-19 жас аралығындағы жасөспірімдер бола алады. Қор 2010 жылы көмекке зәру 9 мың адамға қолұшын берді. Ал «Білім беру гранттары» бағдарламасының әлеуетті бағыты жоғары не кәсіби білім алуға жеткілікті қаражаты жоқ жастарды қолдау болып табылады. Байқауға Қазақстанның колледждеріне, ЖОО-ларына алғашқы рет түскелі отырған 11 сыныптың түлектері, ЖОО-ға түсуге ниеттенген колледждің соңғы курсында оқитын жастар қатыса алады. Аталмыш бағдарлама бойынша 2009 жылы - 87, ал 2010 жылы 236 студентке білім гранттары үлестірілді. Ж.Мұқашованың айтуынша, «Бота» қоры өзінің екі жыл жұмысында 32 мыңнан астам дамға нақты қаржылай көмек көрсетті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін