Жарияланды: 570

Брюссель қаласында "Қазақстан - Еуропалық Одақ" ынтымақтастық кеңесінің оныншы отырысы өтті

Астана. 17 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Брюссель қаласында кеше "Қазақстан - Еуропалық Одақ" ынтымақтастық кеңесінің оныншы отырысы өтті.

Отырысқа қатысқан Қазақстан делегациясына ҚР Индустрия және сауда министрі В.Школьник жетекшілік етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі ҚР Индустрия және сауда министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Отырыс әртүрлі салалардағы қазақстан-еуропалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне арналды. Еуропалық делегацияны кеңестің тең төрағасы - ЕК сыртқы байланыс және Еуропалық тату көршілестік саясатының комиссары Б.Ферреро-Вальднер басқарды. Форум аясында 2007-2013 жылдары Орталық Азия мен Еуроодақ арасындағы жаңа серіктестік Стратегиясын әрі қарай жүзеге асыру мәселелері, демократиялық реформалар, заң және адам құқықтары үстемдігі және сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерімен қоса, ҚР ЕҚЫҰ төрағалық етуіне байланысты саяси диалогты кеңейту жайы талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық қоғамдастық және осы қоғамдастықтарға мүше елдер арасындағы Серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге қосымша хаттамаға қол қойылды. Хаттама Серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімнің ережелерін екі жақты тоқыма өнімдерінің саудасына таратуға қатысты. Және бұған қоса Қазақстан мен Еуропалық қоғамдастық және осы қоғамдастықтарға мүше елдер арасындағы Серіктестік және ынтымақтастық жөніндегі келісімге Болгария мен Румынияны біріктіру жөніндегі хаттамаға қол қойылды. "Жалпы алғанда Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы арақатынас кейінгі бірнеше жылда елеулі жандана түсті. ЕО Қазақстанның басты сауда әріптесі болып табылады. Өзара сауда -саттық көлемінің жыл өткен сайын ұлғая түсуі өзара қарым-қатынастардың нығая түскендігі мен келешегі бар екендігінің дәлелі. Бүгінде сауда-саттық көлемі Қазақстанның жалпы сауда айналымының үштен бір бөлігінен асады, сондай-ақ, ЕО елдерінен келетін тікелей шетелдік инвестициялар көлемі де үздіксіз қарқынмен өсіп келеді", - делінген хабарламада. "Айта кету керек, Еуропалық Одақ Дүниежүзілік сауда ұйымының ықпалды қатысушысы. Және ол Қазақстан үшін аталған халықаралық ұйымға мүшелікке өту жөніндегі шешуші мәмілегер болып табылады. Брюссель қаласында "Қазақстан - Еуропалық Одақ" ынтымақтастық кеңесінің оныншы отырысы қарсаңында Қазақстанның ДСҰ-ына мүшелікке өтуі жөнінде Еуропалық Одақпен кезекті екіжақты келіссөздер жүргізілді", -делінген хабарламада. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть