Астана. 28-қыркүйек. «Қазақстан Бүгін» — Қазақстанда бүгінгідей экономикалық жағдайда толығымен баға өсімін тоқтату мүмкін емес. Оны тек қалыпты, болжанатын деңгейге дейін түсіруге болады. Мұндай пікірді кеше «Бағалар мен тарифтердің көтерілу мәселесі туралы» дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі Қуандық Бишембаев айтты, деп хабарлайды «Қазақстан Бүгін» агенттігінің тілшісі.
«Мен бұл жерде бағаны толығымен тоқтатамыз деп айта алмаймын. Менің ойымша, қазіргі Қазақстандағы экономикалық жағдай кезінде бұлай жасау іс жүзінде мүмкін емес деген ойдамын. Әрине, бүгінгі бағаны қалыпты шекке дейін төмендетуге, оны болжауға және тиісінше ұзақ уақытқа, жүйелік сипатта экономикалық әсер ету үшін шаралар қолдануға ұмтылуға болады», — деді Қуандық Бишембаев.
«Маңызды тауарларға бағаның өсу жағдайын сараптай отырып, бағаның өсуі негізінен сұраныс пен ұсыныстың сәйкес келмегендігінен орын алды деп айтуға болады. Алайда, біздің сауда жүйеміздің тиімсіздігі мәселесін де есептен шығаруға болмайды», — деді ол.
Осыған байланысты вице-премьер жеміс-жидек бағасын мысалға келтірді. «Біз осы жүйедегі өнім Қазақстан шекарасынан өткеннен бастап кездесетін үлкен кедергілерді анықтадық. Шекарада ұзақ тұру, жүктің оңтүстіктен солтүстікке қарай жүру бағытындағы әртүрлі аялдаулар. Ал бұл тез бұзылатын тауар емес пе? Осылардың нәтижесінде тауардың көп бөлігі жеріне жетпей жатады. Бұдан басқа әртүрлі ресми емес салықтар мен төлемдер бар. Мұның барлығы соңғы тұтынушы бағасының өсуіне әкеліп отыр», — деді Қуандық Бишембаев.
«Жүйелі түрде бұл мәселені шешу мүмкін емес. Тек жыл сайын бағаның шарықтауы болмайтындай механизм құруға болады», — деді ол. Индустрия және сауда министрлігінің өкілі «осы мақсатта үкімет республикамызда жабық грунт жағдайында жеміс-жидек өсіруді дамытуды қарастыратын қаулы шығарды. Бұл бақшадан өнім жеткізілмейтін, жеміс-жидек өнімдері базарларға келмейтін қыс және ерте көктем мезгілдерінде нарық конъюнктурасын төмендетуге, кедергілерді жоюға мүмкіндік береді».
«Яғни, тауардың клиентке дейін жеткізілу (арзан бағамен – «Қазақстан Бүгін агенттігінің ескертпесі) жағдайы қазірдің өзінде жасалып жатыр және осы қаулы шеңберінде жасала бермек», — деді вице-министр. Оның бағалауынша, тек жеміс-жидек сақтау қоймаларының жүйесін салу мезгіл аралықтарында жеміс-жидек өнімі бағасының ауытқушылығын төмендетуге мүмкіндік береді. «Баға күздегі деңгейінде сақталады немесе ары кеткенде 10 – 12 %, ал кейде бұдан да жоғары болатын қазіргідей емес, 2-3 % көлемінде ауытқиды», — деп жорамал жасады Қуандық Бишембаев.
Сонымен бірге вице-министр жеміс-жидек өніміне деген сұраныс елімізде айтарлықтай өскендігін атап өтті. «Бағаның өсу қарқынының жоғарылығына қарамастан тұтыну төмендемей, қайта өскендігін көріп отырмыз», — деп сөзін қорытты ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті