Жарияланды: 290

"Бүйтіп жіберу": Танымал журналист "Бизнес по-казахский в Африке" фильмін қатты сынға алды

"Бүйтіп жіберу": Танымал журналист "Бизнес по-казахский в Африке" фильмін қатты сынға алды

Арман Сқабылұлы көптен күткен фильм жайлы өз ойын айтты. 

Бала кезімізде «бүйтіп жіберу" дегенді бұзақы балалардан үйреніп, үйге келгенде қайталап, әкемізден оңбай шапалақ жегеніміз бар. Ол әркімнің –ақ басынан өткен шығар...Басқаларда қалай екенін білмеймін, қазақ баласы үшін ең азғын, ең ұятсыз ишарат /жест/ -осы «бүйтіп жіберу». «Анау ананы бүйтіп жіберіпті», «бүйтем депті», «мен сені бүйтіп жіберемін» деп алақанымен жұдырығын ұрғылаған азғындық енді киноға жетті.
Өз басым әншісі бар, әнші емесі бар, жалпы өзім тұратын елде түсірілген фильмдерді көруге тырысамын. Өзім үшін. Көңілім толмаса да, көркемдігі онша болмаса да...Ол өте қажет! Бүгінгі көрермен қандай киноны ұнатады, ақшасын қандай туындыдан аямайды дегендей...Өткенде Ерке Есмаханның «Махаббат кафесін» көргенмін. Керемет дей алмаймын, бірақ, бір көруге болатын кино. Актерлары да тәп-тәуір. Сюжеті жақсы, оқиғасы жылы.


Кеше Нұрлан Қоянбаевтың әйгілі «Бизнес по-казахскийінің» үшіншісіне бардым. Әшейінде үш-төрт адам шоқиып отыратын зал лық толды. Көпшілігі- балаларын жетектеген қазақтар. Сценарий мүлдем жоқ, болса сол КВН-да жыртыңдап айтылған арзан әзілдердің өңін айналдыра салған үзінділері. Оқиғасы ешқандай логикаға келмейді. Келсе, айдалада танысқан негрдің сөзіне алданып екі қазақ сөмке арқалап...иә, сөмке арқалап Африка асып кетер ме еді? Диалогтарын тыңдап ,қор болған тілді ойлап еңіреп жылағың келеді. Құрысыншы, оған да көндік. Бұларға «тәйт» дейтін ешкімнің жоқтығына көз үйренген. Мәдениет саласы басшыларының өзі «олар өз ақшасына түсірген, ештеңе дей алмаймыз» деп қол қусырып отырса. Ең сорақысы әлгі екі қазақ Африкада сөмкелерін арқалап, шәй ұрлап жүргенде болды. Олар қолға түседі. Құтқарып алуға Қоянбаевтар келеді. Екі арадағы келіссөздер кезінде африкалық тайпаның көсемі біздің ыржақайға «бүйтіп жіберемін» деп алақанымен жұдырығын періп келіп қалады. Ыржақай шошып кетеді ("бүйтіп" жібергенде дұрыс болар ма еді?). Абырой болғанда әлгі тайпаның тілінде бұл ишарат «сыйлау, құрметтеу» дегенді білдіреді екен. Енді ыржақай да алақанымен жұдырығын ұрып, «бүйтіп жіберемінді» қайталап жатты. Зал толы күлкі. Әке де мәз, ана да мәз, бала да мәз...
...Кинодан шығып барамыз. Бір кішкентай бала «бүйтіп жіберемінді» қолымен қайталап барады. Анасы басынан сыйпап, күлді де қойды. Есіме әкемнің шапалағының түскені. Бұларға да сондай бір шапалақ керек болды. Өздері ғана емес, көрерменді де аздырып бітті! Деградация,- деп жазды Арман Сқабылұлы әлеуметтік желіде. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін