Бұл іс сотқа жетпесін деп жүргендер бар – Сарыағаштық 7 жасар баланың адвокаты Бауыржан Азанов - kaz.caravan.kz
  • $ 480.55
  • 533.75
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
8 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бұл іс сотқа жетпесін деп жүргендер бар – Сарыағаштық 7 жасар баланың адвокаты Бауыржан Азанов

Бұл іс сотқа жетпесін деп жүргендер бар – Сарыағаштық 7 жасар баланың адвокаты Бауыржан Азанов

Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Абай ауылындағы «зорланған жеті жасар бала» оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Өткен аптаның соңында Абай ауылында тергеу әрекеттерінің жүргізілгені белгілі болды.

  • 29 Наурыз 2018
  • 211
Фото - Caravan.kz

Істі ҚР Бас прокуратурасының арнайы прокуроры өз өндірісіне алған.Осы орайда BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі жәбірленушінің адвокаты Бауыржан Азановпен сұхбаттасып, бала мен оның анасыңың қазіргі жағдайы, баланың сабағы туралы, адвокат қызметіне ақы алудан бас тарту себептері мен сот-медициналық сараптамаға шетелдік мамандардың қалай шақырылатыны жайлы сұрап білді.

— Бауыржан, Сарыағаш ауданындағы Абай ауылына соңғы рет қашан бардыңыз?

— Өткен жұмада, яғни 23 наурыз күні бардым. Тергеу әрекеттеріне қатысып, 25наурыз күні кешкісін кері Астанаға қайттым.

— Тергеу әрекеттеріне сіздің қорғауыңыздағы адамдар да келді ме?

— Иә, менің қорғалушым: бала мен оның анасы келді.

— Тергеу әрекеттерін кімдер жүргізді?

— Бас прокуратураның арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр.

— Баланың ауылға қайта келіп, тергеу әрекеттерінің арасында болуына психологтар рұқсат етті ме?

— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүруі керек қой. Сондықтан тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Баланың Оңтүстік Қазақстан облысының Абай ауылына барғысы келмеді. Бірақ, барғысы келмесе де алдап-сулап алып келдік.

— Баланың өзі өскен ауылына келгісі келмейтінін, мұнда оралудың оған ұнамайтынын неден байқадыңыз?

— Өзі айтты ғой. Мамасы да айтып отыр. Баланың өзі «қорқамын» дейді. Бірнеше рет айтты мұны. «Қорқып тұрмын, барғым келмейді», «барғым келмейді, барғым келмейді» деп қайта-қайта айтады. Бала өтірік айтады деп ойламаймын.

— Балаға енді қандай сараптама жасалады?

— Көп қой. Түрі көп. Біреу емес, екеу емес. Әзірге бәрін айтып қажет емес. Неге десеңіз? Бізге қарсы тараптар бар. Сол тараптар бізге неше түрлі кедергісін жасап жатыр.

— Қарсы тарап дегеніңіз кімдер?

— Біреу емес, бірнеше тарап бар. Бәрін айтудың қажеті жоқ. Өз мақсат-мүддесін алға қойып жүрген адамдар бар. «Бұл іс сотқа жетпесін» деп жүргендер бар. Адамдар да, топтар да бар.

— Қайта тағайындалған сот-медициналық сараптамаға халықаралық сарапшылардың қатысатыны, процесске қатысушы тараптардың өтінішхаттары негізінде кәсіби мамандардың тартылатыны айтылған еді. Бұл жағы қалай болып жатыр?

— Әріптестерім, шетелдік адвокаттар, құқық қорғаушылар бар. Солар арқылы танымал сарапшылар мен кәсіби мамандарға хабарласып: «Қазақстанда осындай оқиға болып жатыр, соған қатыса аласыздар ма» деп сұраймыз. «Иә, қатыса аламын» десе, аты-жөнін, телефон нөмірін, мекенжайын, қайда кім болып жұмыс істейтіні сияқты мәліметтерін алып, сараптаманы тағайындайтын мемлекеттік органға өткіземін. Мен оларды танымаймын ғой. Істі жүргізіп жатқан мемлекеттік орган өзі шешім қабылдайды.

— Баланың неше адвокаты бар?

— Бір ғана адвокаты бар. Ол – мен. Бірақ араласып жатқандар көп. Бұл іс жыныстық сипатта болғандықтан, құпия болып қалады. Сотқа жетіп, сот процесстері аяқталса да бәрі құпия қалады. Және бір айта кетер жайт, балаға сенімхат алғандар – баланың адвокаттары емес.

— Адвокат қызметін ұсынушы ретінде гонорар алудан неліктен бас тарттыңыз?

— Өйткені, бұл істе көптеген тарап бар. Бәрінің өз мақсат-мүддесі бар. Біреуінен ақша алсам, ол маған: «былай істе, былай істе» деп бұйырады. Мен олардан тәуелсіз болғым келеді. Ақша төлеген адам: «сен маған тәуелдісің» деп айтады. Ешкімге тәуелді болмау үшін ешкімнен ақша алмауым керек. Әлеуметтік желілерде осы наурызда ғана тіркелген түрлі аккаунттар мен жайлы әрнәрсені жазып жатыр. Тараптар бір-бірімен қырқысып жатыр. Олардың қарым-қатынасында менің шатағым жоқ. Оларды танымаймын. Білмеймін. Мені «бір тараптың мүддесіне бағынатын адвокат» деп те ойлайтындар бар. Сондықтан мен әдейі гонорар алмаймын. Біреу ақша берсе, алмаймын. Мақсатым — объективті түрде тергеуге қатысып, құжаттарын дайындап, баланың құқығын қорғау. Мұнда баланың ғана мүддесі болуы керек.

— Бала мен оның анасы қазір қайда?


— Олар – Алматыда. Өз үйінде. Жексенбі күні өзіммен бірге Абай ауылынан алып кеттім. Мамасы жұмыс істейді. Тұрақты айлығы бар. Жаман отбасы емес. Бұзылған адамдар емес. Тәртіпті әрі тәрбиелі отбасы.

— Анасына қатысты «баласын тастап кеткен» деген мазмұндағы сөздер айтылды. Бұл рас па?

— Бәрі өтірік. Баланың мамасын көрдім ғой.

— Бала қазір сабақ оқып жатыр ма?

— Оқу жағын былай шештік. Бала ұзақ уақыт стрессте болған. Біраз уақыт мектепке бармай, бағдарламадан да қалып қойған. Сондықтан мұғалімдер баланың тұрып жатқан үйіне өздері келіп, үйде оқытатын болып келісіп жатырмыз. Қазіргі мына тоқсандық демалыс біткен соң, сабақ басталады. Мектепке барып, ондағы бағдарламаға ілесуі қиын болатындықтан да үйде оқытады.

— Абай ауылындағы «жеті жасар баланы ұрып-соқты және зорлады» деп айтылатын жеткіншіктердің жағдайы қандай?

— Оларға қорғаушы тағайындау мәселесімен Оңтүстік Қазақстан облысының адвокаттар алқасы айналысып жатыр.

— Бұл іс енді заң аясында қалай жалғасады?

— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары аяқталмады. Объективті түрде тергеу жүргізіліп, ешқандай бұрмалаусыз өтсе, екі айдың ішінде тергеу нәтижесін шығаруға болады. Мұндай тергеу ісінде неше түрлі сараптама тағайындалады. Сол себепті бұдан да ұзаққа созылуы мүмкін.

— Егер сараптама қорытындысынан баланы зорланғаны расталса, не расталмаса, онда іс қалай өрбиді?

— Зорланғаны расталса, айыптау актісін шығарып, күдіктілердің ісін сотқа өткізеді. Ары қарай сот шешім шығарады. Істі қай сот қарайтыны да сұрақ болып тұр. Егер расталмаса, дәлелі жоқ деп тоқтатылады.

— Сізді баланың адвокаты ретінде қорқытып-үркіту болып жатыр ма?

— Басында әрекеттер болған. Қазір енді басқа амалдар іздестіріп жатыр. Мені алып тастауға әрекет жасалып жатыр. Кімдер екенін де білемін. Ешкімнің айтқанын тыңдамаймын. Сондықтан мені шеттетуге тырысады.

— Сізді кімдер шеттетуге тырысып жатқанын ашық айтасыз ба?

— Егер мені шеттетсе, онда сол кезде айтамын. Мені шеттетудің екі амалы бар. Біріншісі, баланың анасын үгіттеп, «мына адвокаттан бас тартамын» деген арыз жаздырып, мені алып тастауға болады. Екіншісі, тергеушілер менің бір қателігімді тауып, «тергеу құпияларын жариялап жіберді» деп, шеттетуге болады. Тергеу-тексеру амалдарындағы мәліметтерді таратып жіберсем, сол сәтте қаулы шығарып, баланың қорғаушысы қызметімнен шеттетеді.

— Баланың анасы сізді адвокаты қылудан бас тартуы мүмкін бе?

— Ойламаймын. Бірақ оны үгіттейтіндер көп. Жас адам. Сенетін, тыңдайтын адамдары бар. Кез келгенге сеніп қалу қаупі бар. Мені бұған дейін алып тастауға тырысу әрекеттері болған. Мен өзімді «жалғыз адвокатымын» деп айтып отырған себебім, егер ертең біреу қателессе, бәрі менен көреді. Мен баланың құқын қорғау үшін әрекет етемін.

Ұқсас тақырыптар:

«Мені мәжбүрлеп депутат етті»: Сапарәлі Селтанов сөзінен айнып, «Нұр Отаннан» кешірім сұрады

Бәлиева ОҚО-лық 7 жасар баланың жағдайын айтып берді

ОҚО-да зорланды делінген баланың ісіне қатысты шенеуніктер жұмыстан қуылды

Сарыағаштық 7 жасар бала оқиғасы. Бір апталық шолу