«Академиялық ықпалдастық» – бұл әлемдік деңгейде мойындалған міндеттерді белсенді қолдауға, адам құқығы, біліктілік, тұрақты даму, бейбітшілікті сақтау және қақтығыстарды шешу, мәдениетаралық диалогта әлемнің 90 еліндегі 500-ден астам университетті біріктіретін БҰҰ-ның жаһандық бастамасы. ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның бағдарламасына енуіндегі алғашқы қадамдарының бірі аталмыш ғылыми-тәжірибелік конференцияның өтуі.
Конференцияға арнайы шақырылған қонақтар қатарында БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдері, дипломатиялық миссия төрағалары мен халықаралық ұйымдар мүшелері болды. Бас спикерлердің бірі болған Қазақстан Республикасының БҰҰ бойынша тұрақты өкілі, халықаралық істер жөніндегі экс-министр, профессор А.Х. Арыстанбекова БҰҰ-ның ел біле бермейтін даму тарихы туралы баяндама жасады.
Бас өкіл баяндамасын «БҰҰ-ның 70 жылдығы Ұлы Жеңіс мейрамының 70 жылдығымен тікелей байланысты. Биыл БҰҰ өкілдік бағдарламалары мен қорлары, кәсіби ұйымдары өз жұмыстарын осы мерейтой аясында жалғастырады» деп аяқтады.
«Берік БҰҰ-мен әлем де жақсарады» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда БҰҰ-ның ғаламдық бейбітшілік пен қорғаныс рөлі, тұрақты даму белсенділігі, ғаламшардың экологиялық қорғанысы, адам құқығының қорғалуы мен әлемдегі демократиялық құндылықтар, сонымен қатар БҰҰ мен Қазақстан қарым-қатынасын нығайту сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті адамзат тарихында мәселелер бойынша халықаралық академиялық орталықтарды біріктіріп, келіссөз өткізіп, тәжірибе алмасып тұруды қолға алуда. Соның бірі – бүгінгі конференция. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы 168-ші мемлекет болып БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Осыған байланысты, бұл кездесу бүгінгі күнге арнайы ұйымдастырылып отыр» деп мәлімдеді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.М. Мұтанов.
Конференция «БҰҰ – бұл біз» атты студенттік акциясымен басталып, «БҰҰ: 70 жыл бойы фотосуретте» фотокөрмесімен аяқталды.
