Қарымта матчтың бірінші кезеңінде екі жақтың да қорғаныс шебі сыр бере қойған жоқ. Есесіне қалған қос кезеңнің әрқайсысында үш голдан соққан «Бейбарыс» жергілікті жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Лукаш Хвила үш голмен көзге түссе, қалған шайбалар Илья Гуляков, Иржи Елинек және Павел Акользиннің еншісінде. Осы күні Астананың «Номады» алматылық хоккейшілерден басым түсті. Буллитпен аяқталған бәсекенің нәтижесі 2:1. Ел чемпионатында әзірге Павлодардың «Ертісі» жеке-дара көш бастап тұр. Көкшелік «Арлан» екінші, ал «Бейбарыс» үшінші орында келеді.
Лионель Месси жасыл алаңға шықпаса да рекорд жаңартуды қояр емес. Ол “алтын бутсы” сыйлығын үш рет алған тұңғыш футболшы болды.
Еуропа чемпионаттарының үздік сұрмергеніне берілетін мәртебелі сыйлықты оған Болгария футболының аңызы Христо Стоичков табыс етті. Толағай табыстардың барлығы команданың арқасында екендігін жеткізген аргентиналық қазір сол аяғын емдеуде. “Берселона” шабуылшысы сондай-ақ әлемнің үздік футболшысы болуға үміткер. Алайда соңғы матчта тамаша өнер көрсеткен Криштиану Роналду биыл Мессидың жолын кесуі әбден мүмкін.