"Декретке құжатты қалай жинайды, ИП-ның қағазын қалай толтырады деген ақпараттарды жаңалық қылып айтады" - қаржыгер маман - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Декретке құжатты қалай жинайды, ИП-ның қағазын қалай толтырады деген  ақпараттарды жаңалық қылып айтады" - қаржыгер маман

"Декретке құжатты қалай жинайды, ИП-ның қағазын қалай толтырады деген ақпараттарды жаңалық қылып айтады" - қаржыгер маман

Кейінгі жылдары криптовалюта, инвестиция терминдері кеңінен қолданылып жүр. Әлеуметтік желілерде қаржылық сауаттылыққа үйрететін мамандар да аз емес. Инвестицияны неден бастау керек? Бұл саладағы соңғы трендтер қандай? Қаржылық сауаттылықты қалай арттырамыз?

  • 15 Мамыр 2023
  • 240
Фото - Caravan.kz

Осы және өзге де сұрақтарды Caravan.kz медиа-порталының тілшісі KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) университетінің түлегі. «Болашақ» бағдарламасының амбассадоры, қаржы және IT саласының маманы Дана Молдақұловаға қойып көрген еді.

— Дана ханым, Кореяда білім алдыңыз. Корей халқының  қаржылық сауаттылығы мен ақшаға деген қарым-қатынасы туралы айтсаңыз.

Корей халқының 60-70 % -ның қаражатты дұрыс жинау, инвестиция жасау бойынша өте жоғары деңгейде экономикалық базалық білімдері бар.  Халқының басым көпшілігінде  ақша жинау мәдениеті қалыптасқан. Орташа табыс табатын отбасының өзінде инвестициялық  портфелі болады. Сол қаражаттарын қомақты қажеттіліктерін өтеуге жұмсайды. Бір сөзбен айтқанда инвестиция жасау мәдениеті өмірлеріне еніп кеткен. Жалпы халықтың қаржылық сауаттылғы мен оның білім деңгейі бір-бірімен өте тығыз байланысты. Адамның білімі жоғары болса, сәйкесінше қаражатын  да саналы түрде басқара алады деген сөз. Ең бастысы олар  қаражатқа деген жауапкершілікті сезінеді. Сенің қаражатыңды еселеп беремін деген дүниелердің жалған екенін, мүмкін емес екенін олар түсінеді. Сол себепті оларда қаржылық пирамида деген нәрсе жоқ. Банктегі несиелер жоғары сұранысқа ие емес. Халқы  елдегі экономикалық жаңалықтарды, инфляция деңгейін, базалық ставканы  өте мұқият бақылап жүреді. Бүкіл халық ол дүниелердің өзіне қалай әсер ететінін түсінеді.  Біздің халық кәрістерден экономикалық сауатты болуды үйрену керек. Ұлттық банктің шығаратын заңы шенеуніктерге ғана қатысты деп ойламау керек.  Халықтың  экономикалық жаңалықтарды сараптай білу өте маңызды. Экономикалық белсенділік халықтың әлеуметтік жағдайына, елдің жалпы дамуына жағымды әсер етеді.  

— Инвестицияны неден бастау керек? Алгоритмі қандай?

Инвестицияны бірінші ақшамен қарым-қатынасыңды жөндеуден  бастау керек. Жеке қаражатыңда хаус болып жатқан адамға инвестиция жасау қиын болады. Сол себепті ең алдымен адам өзінің жеке қаржылық жағдайына анализ жасау керек. Келесі қадам  — алдағы жоспарларын анықтау. Әркімнің жоспары әртүрлі ғой. Біреу баласының оқуын төлеуді, біреу үй алуды жоспарлайды. Осындай жоспарларға сай қаражатты қарапайым адамның 2-3 айда таппайтыны белгілі. Сондықтан осы екі нәрсені анықтағаннан кейін саналы түрде инвестицияны бастау керек. Содан кейін кез келген инвестициялық әрекет брокер арқылы жүзеге асатындықтан ең алдымен заңды жұмыс істейтін брокер тауып,  брокерлік счет ашу керек. Счет ашқаннан кейін акция секілді инвестициядағы бағалы қағазын сатып ала алады.

— Инвестиция туралы сапалы қазақша ақпараттар  жоқтың қасы. Бұған не себеп?

Иә, бұл өте өкінішті жағдай. Инвестиция туралы расында да сапалы, сауатты, әлемдік деңгейде заманауи білім беретін ақпарат көздері жоқ. Экономиканың негізі сұраныс пен ұсыныс дейміз ғой. Халықтың ішінде сұраныс жоқ. Мен өзім шынайы ниетпен қазақ тілді қоғам жаңа бір дүниені үйренсін,  пайдам тисін деген мақсатпен бастағанымның өзінде мен белсенді кері байланысты көріп жүрген жоқпын. Қашанда сұраныс ұсынысты тудырады. Халық арасында сапалы ақпаратқа сұраныс қашан өседі, сол кезде бізде мықты мамандар шығады, ақпарат пен эксперттер саны өседі. Бұл жерде білім деңгейі де маңызды рөл ойнайды. Өкінішке орай қаржы саласындағы  қазақ тілді эксперттердің көпшілігінің айтатын дүниесі ақылға қонымсыз, қарапайым дүниелер. Декретке құжатты қалай жинайды, ИП-ның қағазын қалай толтырады деген секілді ақпараттарды жаңалық қылып айтады. Яғни, халықтың білім деңгейін көтергенде ғана сапалы  контент ұсынылады.

— Біздің халық неге әлі күнге дейін инвестиция, криптовалюта деген тақырыптарға күмәнмен қарайды?

Әрдайым жаңа, естімеген  дүние қорқынышты болып көрінеді. Бір кездері интернет пен компьютер де қорқыныш тудырған. Сол секілді бұл да жаңа дүние болғандықтан көпшілік халық қабылдай алмай, түсіне алмай жатыр. Одан бөлек бізде адам өздігінен іздену, ақпарат көздерін салыстыру деген мәдениет жоқ. Адам неғұрлым білім жинаса, жаңа дүние соғұрлым түсінікті болады, және қорқыныш пен үрей сейіледі. Сондықтан осындай жаңа инновациялар халыққа жақын болуы үшін бұқаралық ақпарат көздері арқылы  көп насихаттауымыз керек. Шыны керек, адамдар қазір тұрмыстық деңгейден ары дүниелерге бастарын ауыртқысы келмейді. Бұл – үлкен мәселе. Оны шешуге БАҚ, ұстаздар да атсалысу керек.

— Инвестиция туралы көп таралған жалған пікір қандай?

Көпшілік бұл байлардың ісі, қомақты капиталы бар адам ғана инвестор бола алады деп ойлайды.  Бірақ мүлде олай емес. Бұл негізі нарықтық заманда барлығын теңестіру мақсатында ойлап табылған дүние еді. Кез келген адам кез келген компанияның акциясын ала алады. Ең танымал Apple, Microsoft компанияларының бір акциясы қарапайым адам үшін қолжетімді бағада ұсынылады. Сондықтан бұл сала тек байлар үшін деп ойлау жалған түсінік.

— Инвестор атану үшін ең аз дегенде қанша қаражат болу керек?

Кемінде адам бір акция сатып алады. Әр компанияның бағасы әртүрлі. Мысалы Сoca cola-ның  бір акциясы 110 доллар. Қазақстанның компанияларының акциялары  арзан, 10 мың теңгеге Казатомпромның» акциясын алуға болады. Бұл жерде ешқандай шектеу жоқ. Бар ақшамен бастай беруге болады.

— Алдағы 5 жылдықта қай салаға инвестиция құю өзекті?

Алдағы 5 жылдықта ең табысты сала бұл әрине, IT саласы. Біз адам ретінде қандай дүниелерді көп қолданамыз? Смартфон, машина ғой. Демек осындай өнімдерді өндіретін компаниялардың акциясы алдағы уақытта өседі деген сөз. Қазір экология саласы да өте өзекті. Сондықтан экология саласындағы инновациялық салалар да табысты болады.

— Қандай адамдарға инвестициямен айналыспауға кеңес бересіз?

Оңай олжа табамын, оңай дүние, бүгін 100 доллар салып, ертең 1000 доллар аламын деп ойлайтын адамдарға инвестициямен айналыспауға кеңес беремін.

— Инвестиция саласындағы соңғы трендтер қандай?

Экологияға қатысты жобалар,  энергияның балама  көздері, эко-көліктер, IT секілді саладағы компаниялар трендте болып жатыр.

Соңғы жаңалықтар