Жарияланды: 540

Демалыс күндері билікте ешкім күтпеген ауыс-түйістер болды

Билікте демалыс күндері күтпеген жерден ауыс-түйістер болды. Алдымен Оңтүстік Қазақстан облысының басшысын ауыстырған Елбасы алып қала – Алматының да әкімін ақыры өзгертті. Оңтүстік астананың билігі «нұротаншыл» Бауыржан Байбекке бұйырды. 41 жастағы шенеунікті қала активіне тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таныстырды. Ал осы орында табаны күректей 7 жыл отырған Ахметжан Есімов енді астаналық боп кетті. Ол - «Астана-Экспо-2017» ұлттық

компаниясын басқармақ.

Осылайша сенбіден бастап Бауыржан Байбек Алатау баурайындағы әсем қала - Алматының басшысы атанды. 41 жастағы шенеуніктің кандидатурасын Елбасының өзі тікелей қолдаған. Енді жас әкім оңтүстік астананы нағыз бизнес орталығына айналдыруы тиіс. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Ахметжан Есімовтің басқаруында сіздермен бірге Алматы біраз жетіктікке жетті. Орта және шағын бизнес үлесінің өзі 30 пайызға өскен. Енді осы іс жалғасын табуы қажет. 

Жалпы, Бауыржан Байбек еңбек жолын 1999 жылы Қазақстанныңі Франкфурттегі Бас консулдығының референті болып бастаған. 2002 жылы Президент әкімшілігіне келіп, жетекші қызметтерге дейін көтерілді. «Болашақ» халықаралық стипендиаттар Кеңесі қауымдастығының төрағасы да болды. Ал 2013 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарлығына кірісті. Берлиндегі Гете институтының түлегі. Астанада көтерілгенімен, негізі Алматының тумасы. 

Бауыржан Байбек, Алматы қаласының әкімі:

- Бүгін жалпы Алматының жетістіктері көп айтылды. Шынында да Елбасы айтқандай , Алматы – тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Сіз ұсыныс беріп, мәслихаттар бір ауыздаған қолдағаны мен үшін бақыт. Мен оны үлкен жауапкершілік ретінде қабылдаймын.

Ал осы қызметте 7 жыл қалтқысыз отырған Ахметжан Есімов болса, бұдан былай астаналық. Ол – Президенттің тағайымдауымен «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясын басқарады. Бұл орында жемқорлығымен шатылып жатқан Талғат Ермегияев отырған еді. Сосын Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің қосымша қызметіне айналды.

Ахметжан Есімов: «Астана Экспо-2017» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

- Елбасы, біріншіден маған деген сеніміңізге көптен көп рахмет айтқым келеді. Осында отырған ұжыммен, мәслихат депуттарымен сіздің тапсырмаларыңызды осы 7 жылда орындауға бар күш-жігерімізді салдық.

Жұрт Астанаға бара салысымен Есімов бірден үй алса екен деп тілеуде. Әйтпесе, әкім бірде Алматыда әйелінің қолында тұратынын айтып еді.

Бұдан бөлек алматықтардың есінде – Ахметжан Есімовтың ән салғаны мен би билегені қалмақ. Әсіресе, экс-әкім рояльде жақсы ойнайды екен. Дегенмен, Бауыржан Байбек те өнерден кенде емес деседі. Оның музыкалық білімі бар. Саясаттанушылардың пікірінше, бұл тағайындау жас шенеунік үшін қиын сынақ болмақ.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

- Меніңше, Бауыржан Байбек сынаққа алынған сияқты. Яғни, оның өсуіне мүмкіндік беріліп тұр. Алматы – мегаполис. Жас басшы ретінде өзін көрсете алса- игі.

Енді жаңа әкімнің Президенттің қойған 5 тапсырмасын орындауы шарт. Яғни, ол шағын және орта бизнесті дамытып, шаһар инфрақұрылымы өсіруі керек. Білім және ғылым саласын жетілдіріп, қылмысқа тоқтам жасауы тиіс. Әрине, 2017 жылғы Универсиаданы да абыроймен өткізуі керек.

Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының билігіне қатысты да өзгеріс болғаны мәлім. Енді бұл өңірді Инвестиция және даму министрлігінің жауапты хатшысы болған, 51 жастағы Бейбіт Атамқұлов басқармақ. Ал осы орында отырған 53 жастағы Асқар Мырзахметов енді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Яғни Бауыржан Байбек босатқан орынға жайғасты. Барлығы да жұмыстарына бүгіннен бастап кірісіп кеткен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін