Денис Тенді күткендер түнгі төртке қарамастан түгел тұр. Ұйқылы ояу адам мүлде байқалмайды. Туған-туыс, жора-жолдастардан бастап, теледидардан Олимпиаданы жібермей қарағандар да бұл түні әуежайда жүр.
Жиналғандар тысыр еткен дыбысты Тен екен деп жеңімпазды ұзақ күтті. Сөйтсе, таңғы бесте жетуі тиіс ұшақ ауа-райының бұзылуына байланысты біраз кешіктірілген екен.
Бұл Сочидің соңғы күндері тауда өнер көрсеткен шаңғышыларымыз Хубер Мартин, Игорь Закурдаев пен Дмитрий Кошкиндер. Бірі 30-шы орында көрінсе, енді бірі қырқыншы, кейінгісі 44-ші болып мәреге жеткен. Құр қайтқан спортшыларға қошемет те көрсетілмеді.
Жар дегенде жалғыз жүлде, міне, осы. Қола болса да, алтындай. Ел тарихында мәнерлеп сырғанаудан Олимпиадада алған бұл тұңғыш медаліміз. Қысқа бағдарламада құласа да, ақырғы сында жеңіп шығуына Дениске қазақтың қара домбырасы күш беріпті.
Денис Тен, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері:
-Қазақ әуенімен өнер көрсеттім. Тұран тобының орындауындағы домбыра мен қобыз. Әуенді өзім таңдадым. Қазақстанды бүкіл әлемге танытқым келді.
Денис Тен Қазақстанда тәрбиеленсе де, қазір ол жат жерлерде жаттығуға мәжбүр. Өйткені, елде кәсіби мұз айдыны жоқтың қасы. Салдарынан, талай талант Сочилерден құр қалып жүр.
Айгүл Қуанышева, Денис Теннің тұңғыш жаттықтырушысы:
-Әлі күнге дейін Алматы қаласында мәнерлеп сырғанауға лайықты мұз айдыны соғылмаған. Спортшыларды көптеп дайындаймыз, бірақ шеберліктерін олар әрі қарай шетелердерде шыңдауға мәжбүр. Сондықтан, қалтасы көтергені кәсіби спортпен шұғылданады.
Әуежайдан соң бірденДенис Тенді Алматы қаласының әкімі қабылдады. Ахметжан Есімов жеңімпаз ұлға алтын алма мен сүліктей жаңа темір тұлпар тарту етті. Алдағы наурыз айында олимпиада жүлдегері Әлем чемпионатына қатыспақ. Ондағы мұз айдынынан алтынсыз қайтпаймын деген спортшы жақын күндері тегін шеберлік сыныбын да ашпақ ойда.