Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
— Қазір барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде Парламентте Өскемендегі зауыттан жаңа қызметтік көліктер сатып алуда. Ал, елімізде шығарылған машиналардың бағасы еш себепсіз 4 млн-ға. дейін өсіп отыр. Ал, дәл осындай Ресейде құрастырылған «Toyota»-ның құны 3 млн. теңге тұрады.
Спикердің шырылауды бекер емес. Заң талабы бойынша, барлық министрліктер мен мемлекеттік органдар, тек отандық көлікті сатып алуы тиіс. Мұны жақсы білетін машина құрастыратын зауыттар бағаны өсіруге әдеттеніп алған. Сөйтіп бюджеттің миллиардтарын қарпып қалуға әуес. Енді Үкімет осындай қитұрқылықтың тамырына балта шаппақ. Бүгін Мәжілістің қарауына мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң жобасы келіп түсті. Оны таныстырған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл саладағы бейберекетсіздікке тиым салатынын айтты. Жаңадан іске кіріскен министрдің сөзіне депутаттар тез илана қалды. Содан болар көпке ұзатпай құжатты бірінші мақұлымда бекітіп берді.