Жарияланды: 2100

"Дикий Арман" Коронавируспен күреске қосқан үлесі үшін әкім атынан алғыс хатпен марапатталды

"Дикий Арман" Коронавируспен күреске қосқан үлесі үшін әкім атынан алғыс хатпен марапатталды Сурет - Stan.kz

Қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев COVID-19-бен күресте қосқан үлесі үшін әкім атынан алғыс хатпен марапатталғанын айтты.

Оған Алматы облысы, Кербұлақ ауданының әкімі атынан алғыс хат берілген. Алайда әкімнің өзі мұны жоққа шығарды. 

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

"Кербұлақ ауданының әкімдігі біздің өңірге көрсеткен қайырымдылық көмегіңіз бен қолдауыңыз үшін алғыс білдірді. COVID-19 пандемиясы кезінде Кербұлақ ауданы жұртшылығын дер кезінде қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, қамқорлық көрсеттіңіз. Үлкен азаматтық қасиет пен жарқын істердің белестері, сізді халықтың ықыласы мен алғысына бөлеп, әрдайым абырой мен парасат биігінен таныта берсін. Өзіңізге және отбасыңызға зор денсаулық, бақыт пен береке тілеймін. Шығар щыңдарыңыз әрдайым биік болғай", - делінген алғыс хатта.

Осыдан соң желіде аудан әкімі Махаббат Бигелдиновтің түсіндірме хаты жария болды. Әкім Арман Жұмагелдиевке табысталған хаттың өз атынан жазылмағанын айтты. 

Әкімнің айтуынша, ол 18 шілдеден бері ауырып демалысқа шыққан. 

"Арман Жұмагелдиев берілген алғыс хат типті хатқа жатады. Онда менің атым жазылғанымен, мен денсаулығыма байланысты қол қойған емеспін. Алғыс хатта менің орынбасарым Мыржиев Бекзат Бекболатұлының қолы тұр", - дейді әкім түсіндірмесінде. 

Айта кетейік,Арман Жұмагелдиев әлеуметтік желі арқылы халықты пандемия кезінде бірігуге шақырып, үндеу жариялады. Ол үндеуінде телефон нөмірін көрсетті. Осы нөмірге хабарласып, мұқтаж адамдардың тегін дәрі алуға болатынын ескертті.

Желіде тараған ақпараттарға сенсек, Арман қазір Түркияда тұрады.

Маусым айында Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасарына қатысты пара алу ісі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. 

Бұл ретте журналист Ерғанат Көпжасар көмекке алғыс айтпаған әкімнің әрекетін сынға алды. 

"Дикий Арман атымен танылған Арман Жұмагелдиевке Кербұлақ ауданының әкімі алғыс хат тапсырыпты. Алайда аудан әкімі осы жаңа ғана бұл алғыс хатты "мен жазбадым" деп жауап берген екен. Сонда бұл хатты кім жазған, орынбасары ма?! Жалпы алғыста тұрған не бар?! Алғыс хатта өңірге көрсеткен көмегі үшін деп тұр емес пе?! Көмекті алып, рахметті ұмытып кетейін деп тұр ма? Адам миына симайтын қызықтар көбейіп барады осы", - деп жазды ол желіде. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін