Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Өнер иесі бұл жаңалығымен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
«Былтыр ипотекаға үй алғанбыз. Дым асықпай жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Кіргелі де көп нәрсеміз түгел емес. Қазір кәкір-шүкір маңызды болмай қалған. Туыстар көргенде “қашан барамыз?” деп жатады. Үй болған соң құтты болсын айтқан абзал. Кішігірім болса да көңіліміз кең. “Шашу шашып келеміз” деген соң мархабат дедік», — дейді Роза Әлқожа.
Сондай-ақ, ол немерені бауырға басуға қарсы екенін де жасырмады.
«Үлкен үйді немеремізге қалдырып, өзіміз бөлек кеттік. Бұрыннан бауырға басып алуға қарсымын. Бірге тұрсаң білінбейді. Өзім солай өскен соң белгілі. Себебі өте көп. “Келінді тәрбиелеу керек” дегенге келсек, ешкім тәрбиесіз келмейді. Көргені бар, тегінде бар нәрсені жасайды. Келінге де мейірім керек. Ол махаббат үшін білмейтін әулетке келген батыр жан. Ол да жеке, өзімен өзі өмір кешуге құқылы. Ал, кімнің болса да Алла санасына берсін! Әр балаға уақытында сепарация жасау қажет. Біздегі көп проблема меншіктеуден болады.
“Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар.” Әдемі сәттеріміз көп болсын!», — деп жазды ол.
Әншінің оқырмандары желіде құттықтау тілектерін жарыса жазуда.
«Құтты болсын! Ішінде тек жақсылық болсын!», «Ия, дұрыс айтасыз. Қазір келінмен бірге тұратын заман емес. Түсінігі мол жансыз ғой», Шаңырақ шаттыққа толсын.Әркім өзімен болғаны дұрыс,келіннің жұтатын ауасына дейін ауысады ғой жастар өздерімен өздері болғаны жөн», — деп жазды олар.