Жарияланды: 240

Доллар өскен соң қымбаттаған көліктер өтпей автодиллерлер шығынға батып жатыр

Елімізде су жаңа көлік міну қиындап барады. Тұтыну тауарларына түгелдей әсер еткен теңгеге қатысты жағдай автокөлік нарығын да айналып өтпепті. Бұл тұрғыда тек ақшасын доллармен сақтағандар ғана ұтты дейді сарапшылар. Ал төл валютамен күнелткен тұрғындардың жаңа көлік алуға шамалары жоқ. Енді саудасы жүрмей жатқан отандық автодилерлердің де шығынға батары сөзсіз.

Әлемдік дағдарыс біздегі көлік бағасын біраз төмендеткен еді. Бірақ қазір қазақтар көлік сатып алуға бұрынғыдай ынтызар емес. Күн сайын құбылған теңге бағамы темір тұлпардың да құнын қымбаттатып жіберген. Алайда сатып алушылар, әрине, арзандауын таңдап алуға тырысады.

Доллардың жаңа бағамына ауысып жатқан дилерлік компаниялар да бағаны өсіруге мәжбүр. Өйткені көлік АҚШ ақшасымен импортталады, теңгемен сатылады. Сондықтан қымбаттатудан басқа амал жоқ.

Илья Буланов, автодилерлік компания өкілі:

- Биыл қыркүйек-қазан айларында біздегі сауда жақсы жүрді. Өйткені бұрынғы бағаммен саттық. Енді доллардың жаңа бағамына сай көтеретін болсақ, тұтынушылардың да азаятыны белгілі.

Елімізде көлік саудасының тұралағанын ресми деректер де растайды. Биыл қазан айында 7545 жаңа көлік сатылған. Бұл өткен қыркүйек айымен салыстырғанда 9,2 пайызға төмен. Ал жыл басынан бері 84 560 көлік саудаланған болса, бұл да былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 37,72 пайызға төмен. Биыл сатылған көліктердің жалпы құны (1,79 млрд доллар) да былтырғы көрсеткіштен (3,06 млрд доллар) әлдеқайда аз.

Арсен Шакуов, сарапшы:

- Қазір көлік сатып алу доллары бар адамдарға ғана тиімді. Олар тіпті екі есе ұтып отыр. Ал ақшасын теңгемен ұстайтындар үшін көлік бағасы тіпті шарықтай беретін болады.

Елімізде көлік саудасын жандандыру үшін кей банктер жеңілдетілген несие көлемін 5 жарым миллионнан 9 миллион теңгеге дейін көтерген болатын. Бірақ отандық тұтынушылар мұның өзін місе тұтпайды. Өйткені ресми деректер көлік саудасының күн санап құлдырап бара жатқанын көрсетіп отыр. Демек, теңге құны тұрақтамай, көлік бағасына да тыным болмайтын тәрізді. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін