Донорлар көп болса, адам өмірі де ұзара түседі – С.Жалмұханов - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Донорлар көп болса, адам өмірі де ұзара түседі – С.Жалмұханов

Донорлар көп болса, адам өмірі де ұзара түседі – С.Жалмұханов

2005 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДСҰ) шешімімен Донор күні ретінде аталып өтеді.

  • 14 Маусым 2011
  • 798
Фото - Caravan.kz

Бұл дата — адам қанының АВО тобын бірінші ашқан австриялық дәрігер және иммунолог Карл Ландштейнердің (1868-1993 жж) құрметіне белгіленген. Осы күні өтеусіз қан тапсыратын донорларды ынтаналандыру және донорлыққа жаңа адам тарту мақсатында ақпараттық-насихаттық жұмыстар кеңінен ұйымдастырылады. Донор күнінің мән-маңызы жөнінде Батыс Қазақстан облыстық қан орталығының директоры Серік Жалмұханов былайша әңгімелейді.

-Жыл сайын ДСҰ осы мерекенің жаңа ұранын белгілейді. Мысалы, 2010 жылы Донор күні «Адамзатқа жаңа қан!» деген ұранмен өтті. Бұл жылы негізгі мақсат жастарды донорлар қатарына кеңінен тарту болған еді. Ал биылғы ұранымыз — «Қан көп болса, өмір ұзақ!» ұраны, — дейді ол.

Оның пікірінше, Дүниежүзілік донор күні — басқа мейрамдардан ерекше мереке. Себебі басқа мерекелерде демалыс беріліп, адамдар бір-бірін құттықтап, сыйлық сыйлап, ішімдік ішіп, көңілді отырыс ұйымдастырса, донорлар бұл күні қан орталықтарына келіп ақысыз қан тапсырып, осы арқылы адам өмірін сақтап қалуға қол ұшын береді. Бұл — өте қайырымды, сыйлы, құрметті әрекет.

Әрине, донор күні өтіп кеткенмен, донор қанына деген қажеттілік бітпейді. 18 жастан асқан, денсаулығы дұрыс, қайырымды, ең бастысы, адам өмірін сақтап қалуға көмегін беруге дайын кез келген азаматтың төл құжатын алып, қан тапсыруға келуіне қай уақытта да болады.

Ғылым-білім қаншалық қарыштап дамыса да, адам қанын алмастыратын дәрілік препарат әлі табылған жоқ. Жер бетінде түрлі жағдайда түрлі адамдарға қан құюға қажеттілік туындап жатады. Әсіресе, тұрғын саны көп дамушы елдер донор қанына аса мұқтаж.

Бүгінде донор қанына қажеттілік БҚО-да да жоғары. Қан құю арқылы ғана өмірді сақтап қалуға болатын ауру түрі өте көп. Бұған гемофилия, қан аздығы, бауыр, қатерлі ісік пен күйік алу т.б. дерттерді қосуға болады. Аяқасты апат жағдайында немесе күрделі операция кезінде донор қанын құю қажеттілігі де жиі кездеседі. Әсіресе, донор қаны босанған ананың өмірін сақтап қалуға өте жиі қажет. Сонымен қатар жүйелі түрде қан немесе оның компоненттерін құю арқылы ем қабылдайтын Блекфан-Даймонд, Фанкони және т.б. анемия түрлерімен, гемофилиямен ауыратындар, химиотерапия, радиотерапия қабылдайтын науқастар да донор қанына аса мұқтаж.

Облыстық қан орталығы директорының айтуынша, мұнда қан тапсыратын донорлар 100% ақысыз қызмет көрсетеді екен. Айта кетерлігі, донорлардың көпшілігі аудандарда тұратын болып шықты. Облыста елді мекендерге шығып, донор қаны қорын жыл бойы жинақтау жолға қойылған. Әсіресе, Жәнібек, Жаңақала, Қазталов, Ақжайық аудандарында біздің донорлар көп.

Соңғы жылдары облыста жас донорлар қатары көбейіп келеді дейді мамандар. Әсіресе, жас мөлшері 19-27 жас аралығында жоғары және арнаулы оқу орнындарында оқитын студенттер жиі донор бола бастапты. «Осы орайда облыстағы барлық арнаулы және ЖОО басшылары мен оқытушыларына жастарға білім беріп қана қоймай, оларды қайрымдылық пен гуманистік рухта тәрбиелеп отырғаны үшін алғыс айтамыз», — дейді облыстық қан орталығының директоры.

Қан орталығының жұмысы жайлы айтқанда, қауіпсіздік шараларына ерекше назар аудармаса болмайды. Осыдан біраз жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанда болған оқиға қоғамда зор дүмпу туғызды. Жазықсыз сәбилер жазылмас СПИД дертіне шалдықты.

Орталықта қауіпсіздік қатаң бақыланады. Донор қанын немесе оның компоненттерін дайындау ісі толығымен бір рет қана қолданылатын системалар арқылы атқарылады. Донор мен рецепиенттің (науқастың) денсаулығына қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дәрігерлер бірнеше тексеріс кезеңін жүзеге асырады. Қан орталығының зертханаларында қан арқылы жұғатын ВИЧ инфекциясы, В және С гепатиттері, сарып пен мерезге зертханалық сараптама жүргізіледі. Зертханада тексерілмеген қан науқасқа құюға жіберілмейді. Айтпақшы, адам қан орталығында қан тапсырғанда өз денсаулығын тексертіп, ақысыз зертханалық тексеруден өте алады.

Бүгінде облыстық қан орталығы жаңа заман талабына сай қажетті медициналық және зертханалық талдау жүргізетін құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтылған. Донорларға қажетті жағдай толық жасалған. Донор қанын зертханалық тексеру толық аппараттандырылған түрде атқарылады. БҚО-дағы қан орталығы көрсеткіштері республика бойынша алдағы қатарда. Орталықта жұмыс істейтін медицина қызметкерлері кәсіби білімін шет елдер мен Қазақстандағы оқу орнындарында жетілдірген.

Адам өміріне арашашы болуға ниеттеніп, өтеусіз қан тапсырғысы келген әрбір жанды қан орталығы қуана қарсы алады. Бірақ, донор болатын адамның жасы 18-ден асқан, денсаулығы дұрыс әрі қолында төлқұжаты болуы шарт. Соның өзінде кез-келген адам донор бола алмайды. Өйткені, олар қан тапсырар алдында дәрігерлік және зертханалық тексеруден өткізіледі.

Жалпы, мамандар донор болып, қан тапсырып отыру адамның өз денсаулығына да өте пайдалы екенін айтады. Қан тапсырғанда адамның қан айналу және иммундық жүйесі жақсарып, жүрек-тамыр, қатерлі ісік ауруларына және тұмауға өте сирек шалдығады екен. Ең бастысы, донор өз денсаулығын тексертіп, өзге жанның өмірін сақтап қалады. Донор бар-жоғы 450 мл. қан тапсырады және оның орны бірнеше күн ішінде қалпына келеді, бұдан адам ағзасына ешқандай зиян келмейді.

Қазақстан заңдары бойынша, тапсырған қаны үшін ақы алатын донорлық қызметке де рұқсат етілген. Бірақ мұның екінші жағы да бар. Себебі ақша үшін қан тапсыратындар өз пайдасы үшін ауруын жасыруы мүмкін ғой. Аталмыш қан орталығында ондайларға мұқтаждық жоқ. Өтеусіз қан тапсыратын донорлар қажетті қан мөлшерімен толық қамтамасыз етіп отыр. Дүние жүзі бойынша 192 мемлекетте донорлық қолданылса, соның 54-інде қан тапсыру ақысыз жүргізіледі. Соның ішінде Қазақстан да бар.

Соңғы жаңалықтар