ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздердің аяқталуына байланысты өзінің Қазақстан халқына Үндеуінде.
«Бүгін Женевада Жұмыс тобының финалдық отырысы болды, онда Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі келіссөздердің аяқталғаны туралы ресми хабарланды. Бұл оқиға — біз үшін тарихи сәт. Қазақстан ДСҰ-ның 162-ші мүшесі болады. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болу біздің экономикамызды жаңа көкжиектерге бастайды. Кәсіпорындарымыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Ал тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол ашады. Бүгінде сауда-саттығымыздың 90 проценті Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қазақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тартымды бола түседі. Жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндіктер туады», — деп атап өтті Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздер 19 жыл бойы табанды жүргізілген.
"Осы жылдары біздің үкімет және сарапшыларымыз елімізге тиімді шарттарға қол жеткізу үшін талмай еңбек етті. Бұл ретте ұлттық мүдделерімізді де қорғай білдік. Біз экономикамыздың ең түйінді мәселелерінде ұстанымдарымызды келістік. Солардың бірі — ауыл шаруашылығын қолдау — нақ осы тармақ бойынша күрделі келіссөздер жүргізілді, біздерден субсидияларды төмендетуді талап етті, бірақ та біз өз ұстанымдарымызды қорғап қалдық. Бұл және «қазақстандық үлес» мәселелері және қаржы қызметі және телекоммуникациялар нарығы. Біз Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарын ұштастыра алдық», — деп атап көрсетті ҚР Президенті.