Демалыс күндері аяқ астынан тұрған дүлей дауыл оңтүстік жұртын әбігерге түсірді. Әсіресе, желдің өтінде орналасқан Түлкібас пен Төлеби ауданы қатты зардап шеккен. Көксәйек ауылы мен аудан орталығы Ленгірде мектептердің шатыры ұшып кетіп, абырой болғанда адам шығыны болмапты.
Бекбай Сарыбаев, Төлеби орта мектебінің мұғалімі:
-Жел тұрды, бір уақыта қарасам шатыр көтеріліп келе жатыр. Өлә-өлә бұл не болды деп, бір уақытта жел мына жаққа ұшырды бәрін, құлады. Мен орнымда тұрып қалдым. Дауысымда шықпай қалды не айтарымды білмей.
Секундына 28 метр жылдамдықпен соққан жел мектеп төбесіндегі жабындының тең жартысын жұлып әкеткен. Ұшқан шатыр ауласына түсіпті. Қазір, оншақты адам білім ордасының төбесін бүтіндеп жатыр.
— Төлеби орта мектебінің шатыры бұған дейін де бірнеше рет ұшқан. Жиі шатырсыз қала берген соң 2010 жылы мектеп төбесі жаңадан жабылған екен. Алайда, кезекті желге жаңа шатыр тағы да шыдас бермеді.
Қазір, Төлеби мектебінің төбесі ашық қалған екі кабинеті жабылған. Оқушылар қысылса да, басқа кабинеттерге ауысып оқып жатыр.
-Қазір мына ылғал, мына күннің шығуына байланысты еріп жатыр.Біз төбесін қанша күрегенімізбен бәрі де еріген қа рылғал өткізіп жатыр. Сондықтан, ертерек бітіруге тырысып жатырмыз.
Сенбі күні Түлкібас ауданындағы аудандық аурухананың мәйітханасы да шатырсыз қалды. Арада бір күн өткенде ғана жұмысына қайта кірісті. Соңғы жылдары болмаған күшті желден келген шығынның көлемі әлі есептеліп жатыр. Ал, Ленгір қаласындағы №4-ші мектеп шатырының жартысынан көбі желмен ұшып кетіп, бір жарым миллион теңгеге жуық зиян шегіпті. Бұқара бұрын-соңды мұндай дауылды көрмегендерін айтып отыр. Тіпті аудан әкімдігі де одан қорқып қалған. Бюджеттен «төтенше жағдаймен күреске» деп 12 миллионнан астам теңге бөліпті. Бұны әзірге мемлекеттік мекемелердің жел бұзған жерін бүтіндеуге ғана жұмсағалы отыр.