Жарияланды: 440

Е. Алияров: Қазақстанда этностардың 7 мыңнан астамы мамандандырылған лингвистикалық орталықтарда ана тілін үйренуде

Қазақстан өз елінде тұрып жатқан барлық ұлыс өкілдеріне толық жағдай жасап отыр.

Бұл туралы бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығындағы жетістіктер» деп аталатын ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. «Қазақстанда әлі күнге дейін көптеген саяси терминдер дұрыс қолданылмайды. Мәселен, кейбіреулер өзге ұлыстардың өкілдері десең кәдімгідей реніш білдіріп жатады. Ұлт болу үшін өз мемлекеті, жері және тілі болу керек», - дейді Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюктура орталығының президенті Есенжол Алияров. Оның айтуынша, Қазақстан ішкі және сыртқы қарым-қатынастағы сарабдал саясатының арқасында ешбір ұлыс өкілін сыртқа қақпай, оның өз тілін үйреніп, салт-дәстүрін сақтауына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, өзге ұлыс өкілдері қазір 11 тілде газет-журналдарын, 8 тілде радиохабарларын, 7 тілде телехабарларын таратып отыр. Қазақ, орыс ұлттарын есептемегенде өзбек, тәжік, ұйғыр, украин тілінде 88 мектеп жұмыс жасайды. 108 мектепте 22 этностың тілі дербес пән ретінде оқытылады. Ал 195 мамандандырылған лингвистикалық орталықта 30 этностың 7 мыңнан астам өкіліне ана тілін үйренуіне жағдай жасалған. Сондай-ақ өзбек, ұйғыр, кәріс, неміс театрлары жұмыс жасайды. Оның ішінде ұйғыр, кәріс, неміс театрлары бұрынғы кеңестік кеңістіктегі өзге ешбір елде жоқ бірден-бір мәдениет ошақтары саналады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть