Жарияланды: 60

Экологиялық жобалардың өрісі кеңейіп келеді

Экологиялық жобалардың өрісі кеңейіп келеді

Жақында Американың Нью-Йорк қаласындағы Юнион-скверде экологиялық сағат орнатылды. Оның басты ерекшелігі, жеті жыл мерзімді  белгілеп, уақытты кері қарай санайды.

Жеті жылдан кейін басталатын әлемдегі экологиялық апаттан хабар береді. Мамандардың айтуынша, жердегі көміртек қоры қарқынды түрде азайып келеді. Жеті жылдан кейін ол шарықтау шегіне жетіп, ғаламдық жылыну 1,5 градусқа көтеріледі. Бұл – барлық мемлекеттер мен ұйымдар, мекемелер мен компаниялар экологиялық мәселеге ерекше көңіл бөлуі тиіс дегенді білдіреді.

Әлемдік қауымдастық «жасыл экономика» және «жасыл технология», «жасыл энергетика» тәрізді экологиялық бастамаларды көбейтіп жатыр. Еліміз де бұл үрдістен тысқары қалып жатқан жоқ. Қазақстанда соңғы жылдары экология мәселесін мемлекеттік маңызды істердің қатарына қосты және бұл процесс жылдан жылға арта бермек. Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа зиян келтіріп, қоршаған ортаны ластағандарға айыппұл көлемін арттыруды және еліміздегі мектептерде экология пәнін енгізуді тапсырды. Бұл міндетті орындау Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігіне жүктелді.

 Ел ауқымында осы бағытта атқарылып жатқан басқа да шаралар аз емес. Атап айтқанда, қоршаған ортаға залалын тигізіп жатқан кейбір өндіріс орындарына қомақты айыппұлдар салынып, елдегі экологиялық мәселелерге немқұрайлық танытқандар жазаланып жатыр. Алайда мәселенің бәрін айыппұл мен жаза шешпейді. Халықтың эко-этикетін арттыру үшін насихат жұмыстары көбею қажет. Экологияға бет бұрған кәсіпорындарға қандай да бір жеңілдіктер қарастырылып, экологиялық жобаларға ынталандыру жасалу керек. Көпшілік елдегі экологиялық ахуалдың қандай күйде екенін біле бермейді. Сол үшін экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл бағыттағы жұмыс жылдан жылға күшейіп келеді. Соңғы жылдары экологиялық жобалардың байқаулары жиі өткізілетін болды. Биыл да Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты негізінде, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры «Қазақстандағы экожобаларды танымал ету және дамыту» жобасы бойынша табысты экожобаларды насихаттауға кірісті. Мақсаты елдегі экологияға көңіл бөліп жүрген ұйымдар мен кәсіпорындарды, жекелеген белсенді азаматтарды одан ары ынталандыру әрі оларды көпшілікке үлгі етіп көрсету.

Бір қуантарлығы, соңғы жылдары елімізде түрлі экологиялық бастамалар мен эко-жобалардың саны арта бастады. Қазақстанның 8 облысында «жасыл» технологиялар саласында 14 жоба жүзеге асырылады. Шығыс Қазақстан облысында күн коллекторлары орнатылмақ. Алматы облысында балық шаруашылығына қатысты жоба жүзеге асады. Қостанай облысында Оңалту орталықтарында су үнемдегіш және энерготиімді технологиялардың негізінде жылыжайлар салынады. Құрылыс саласында түрлі залалсыз материалдар қолданыла бастады. Баламалы «жасыл энергетика» секторы күшейіп келеді. Үкіметте қайта өңдеу және қалдықтардан жасалатын пайдалы материалдарды пайдалануды ынталандыру мәселесі қаралып жатыр.

Мәселен биыл карантиндік жағдайға байланысты елімізде көптеген қызметтер онлайн жүйеге көшті. Халыққа қызмет көрсету орталықтары ең негізгі қызметтерінің көбін онлайн ұсына бастады. Мұның өзі экологияға қосылған үлес боп есептеледі. Енді мемлекеттік сатып алу жүйесін толық онлайнға ауыстыру жөніндегі жобалар пайда болды. Мысал үшін, бір ғана тендер құжаттарына 100 беттен 1000 бетке дейін қағаз жұмсалады. Болашақта елдегі мемлекеттік сатып алулардың бәрі онлайн жүйеге көшкен жағдайда тек экологиялық емес, экономикалық тұрғыдан да орасан пайда әкеледі.

Түрлі эко-жоба ұсынушыларының арасында жастар көп. Тіпті мектеп оқушылары да кездеседі. 22 жастағы Айбек Рахым «Tazalyk» жобасының негізін салушы. Ол тұрғындарды қоқысты сұрыптауға және соған дағдыландыруға бағытталған арнайы қосымша жасап шығарды.

Әрбір ниетті адам қосымшада тіркеуден өтіп, картада Kazakhstan Waste Recycling қайталама шикізатты қабылдау орындарын көре алады. Қолданушылар әрбір килограмм үшін әртүрлі бонустар мен «жанашыр» және «экосуперқаһарман» мәртебелеріне ие болады. Сонымен қатар балабақшаларда, мектептерде, университеттерде, бизнес-орталықтарда қоқысты бөліп жинауға арналған экобокстарын орнатып жатыр.
Жалпы елімізде қоқыстарды бөліп жинау бағытында бірнеше жоба бар. Солардың тағы бірі Recycle Birge жобасы. Бұл жоба экоағартумен және шығындарды бөліп жинау идеясын дамытумен айналысатын қоғамдық қозғалыс. Ерікті топ құрып, көшеден қоқыс жинап, оны арнайы орындарға өткізіп, түскен табысты қайырымдылыққа жұмсайды. Жобаның негізін салушылар — Әлия Сәлменова, Зәуре Алдабергенова, Пакизат Сайлаубекова, Бану-Ақкүміс Құспанова.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін