Жарияланды: 440

Экономикалық дамуға басымдық беру елдің қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуге жол ашты

Экономикалық дамуға басымдық беру елдің қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуге жол ашты.

Бүгін Астанада ҚР Сыртқы істер министрлігінің төрағалық етуімен өтіп жатқан Ислам конференциясы ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді. «ХХІ ғасыр басында ислам әлемі айтарлықтай саяси сілкіністер мен әлеуметтік-экономикалық проблемалармен бетпе-бет келіп отыр. Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріндегі оқиғаларды саралау, осы елдердегі дағдарыстың ең үлкен себебі - осы елдердің шешімін таппаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің қордаланып, өршуі екендігін көрсетті»,- деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан бері ең алдымен экономикалық дамуға бар күшін салғанын, елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға баса мән берілгенін айтып, бұл жолдың дұрыстығы дәлелденгенін жеткізді. «Жан басына шаққандағы ЖІӨ 12 еседен асты. Қазір бұл 10 мың долларды құрайды. Жақын бесжылдықта біз оның көлемін 15 мың долларға жеткізу міндетін қоямыз. Бұл нақты жүзеге асырылады», - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Президент дағдарыстың ауыр жылдары Қазақстандағы жұмыссыздықтың қарқын алмағанын, бар-жоғы қысқа ғана 10 жылдың ішінде жаңа Астана салынғанын атап өтті. «Экономикалық дамуға басымдық беру арқылы біз қауіпсіздікті тиімді қамтамасыз етуге, саяси тұрақтылық пен қоғамның рухани келісіміне қол жеткіздік», - деді Президент.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін