Жарияланды: 250

Екібастұз тұрғындары ыстық суды өшіруді талап етті

Екібастұз жұрты пәтерлерін ыстық судан ажыртуларын сұрады. Себебі мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған көпқабатты 2 үйдің құбырларынан тек буы бұрқыраған ыстық су ағады екен. Бұған жылу, ыстық және суық су магистральдарының қатар орналасуы себеп. Аптап ыстықта салқын су таппай жүрген жұрттың айла-амалы жайлы Әйгерім Шакаманова әңгімелейді. 

-Жаз шықса Екібастұз қаласындағы мына үйдің тұрғындары суық суға зар болады.Алпыстан астам отбасы ыстық суды суытып пайдалануга мәжбүр. Айтуларынша, жылу және су құбырлары қатар орналасқандықтан мұнда келген суық су ысып кетеді.

Орынбасар әжей 7 ұл, 3 қыз өсіріп жеткізген қария. Он жыл бұрын ауылдан Екібастұзға көшіп келіпті. Зейнеткер қалған өмірін жылы да жайлы пәтерде өткізуді армандаған. Баспансының жылы болғаны соншалық, қос құбырдан да қазір ыстық су ағып тұр.

Орынбасар Қошқарбаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:

-Осындай жасқа келгенде, осындай бейнет көріп отырмын.Ыстық суды суытып отырмыз, ешкім көмектесіп жатқан жоқ.

Бұл бес қабатты 2 үй 2007 жылы пайдалануға берілген. Содан бері тұрғындардың көргені осы. Шамасы келгендер суық суды сатып алып ішсе, кейбірі желдеткіштің астына қойып суытады.

Сәпия Наурызбаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:

-Осы үйге келгенімізге 8 жыл болды. Содан бері осы ыстық су.Жаз болса биылғы ыстық міне қандай қырыққа дейін барды. Үйдің ішінде дәретханаға баруға болмайды. Ыстық су періп тұр. Сонымен отырмыз.

Бұл мәселемен жергілікті билік жақсы таныс. Бастапқыда ыстық су құбырларының тозғанын сылтау қылған атқамінерлер енді үй маңын қопарып, нақты себепті анықтаймыз дейді.

Людмила Яценко, Екібастұз қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жетекшісінің міндетін атқарушысы:

-Құдық ішінде жиналған суды сорғызамыз. Бұған дейін жылу магистралі құбырдағы суық суды ысытады деген болжам жасалған. Енді көшедегі жолды жауып, тұрғын үй маңын қазып нақты себепті анықтаймыз. Жалпы бұл үй о бастан еш мекеменің балансында тіркелмеген.

Осылайша ақталған атқамінерлер мәселе тамыз айының соңына дейін шешіледі деп сендірді. Алайда, су мен жылу құбырларын ажыратып, қайта жөндеу үшін қажет үш жарым миллион теңгені қайдан алатындарын әкім-қаралардың өздері де білмейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін