Жарияланды: 480

Елбасы 16-қазанда екі күндік жұмыс сапарымен Павлодарға келеді

16-қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі күндік жұмыс сапарымен Павлодарға келеді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Сапарының алғашқы күні мемлекет басшысы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездеседі. Аталмыш жоғары оқу орны осыдан 42 жыл бұрын индустриялық институт ретінде құрылған болатын. Қазір С.Торайғыров атындағы ПМУ дүниежүзінің көптеген елдерінің білім ордаларымен өзара тығыз байланыс орнатқан. Атап айтсақ, жыл сайын университеттің әртүрлі факультеттерінің 50-ге жуық студенті АҚШ, Ресей, Болгария, Англия, Түркия және Германия жоғары оқу орындарында стажировкадан өтеді. Биылғы жылдың қазан айында университет Оңтүстік Корея республикасының Чунжу қаласындағы Ұлттық университетпен өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, соған сәйкес, университет аспиранттары Оңтүстік Кореяға біліктілік шыңдауға аттанбақшы. Сол күні Елбасы Павлодардағы құрылысы 2001-жылдан бері жүргізіліп келген спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысады. Спорттық-сауықтыру кешенінде хоккейшілер мен мұз үстінде конькимен мәнерлеп билеушілерге арналған мұз айдыны, сондай-ақ, бірнеше мәдени залдар жұмыс істейді. Залдарда казино, боулинг, мейрамхана, ойын автоматтары, фитнесс-клуб, үстел теннисін ойнауға арналған залдар ашу көзделген. Бұл залдарды іске қосу - едәуір қымбатқа түсетін мұз айдынының бюджетін біршама жеңілдетеді деп күтілуде. Сондай-ақ, Н.Назарбаев қыркүйек айында Павлодарда ашылған шағын бизнес нысанында болады. Бұл - жергілікті "Акбар" ЖШС-не қарасты "Erstes" шағын сыра зауыты бар мейрамхана кешені. 17-қазанда мемлекет басшысы Екібастұзда болып, онда "Богатырь" разрезіндегі "Богатырь Аксес Көмір" ЖШС мен "Восточный" разрезіндегі "Еуразиялық энергетикалық корпорациясы" ААҚ-ның жұмысымен танысады. "Восточный" разрезінде Нұрсұлтан Назарбаев көмір өндіру саласының ардагерлері мен шахтерлармен кездеседі. Қазір "Восточный" разрезінде кешенді электрмен қамтамасыз ету және жол жүйесін дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Екібастұзда Елбасы балаларға арналған "Әлем" сауықтыру кешенінде болады. Бұл орталықта сал ауруына шалдыққан балалар емдеу шарасынан өтеді. Биыл Павлодар облысының құрылуына 65 жыл толады. Осы оқиғаға арналған мерекелік шаралар аясында ардагерлерге құрмет көрсетіліп, жаңа нысандар бой көтеруде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін