Елбасы: ШЫҰ-ға біріккен біздің халықтарымыздың тарихының тағы бір шешуші тарауы ашылатынына сенемін - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елбасы: ШЫҰ-ға біріккен біздің халықтарымыздың тарихының тағы бір шешуші тарауы ашылатынына сенемін

Елбасы: ШЫҰ-ға біріккен біздің халықтарымыздың тарихының тағы бір шешуші тарауы ашылатынына сенемін

Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысты.

  • 16 Маусым 2011
  • 471
Фото - Caravan.kz

Саммит жұмысына Ресей Президенті Дмитрий Медведев, ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Роза Отынбаева, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ауғанстан Президенті Хамид Карзай, Пәкістан Президенті Асиф Әли Зардари, Иран Президенті Махмуд Ахмадинежад қатысты, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Монғолия Президенті Әкімшілігінің Басшысы Баттулга Дашжамц, Үндістан Сыртқы істер министрі Соманахалли Кришна, диалог бойынша бақылаушы, әріптес елдердің және ірі халықаралық ұйымдардың делегациялары қатысты.

ШЫҰ-ның өткен он жылдағы қызметінің нәтижелері саммиттің негізгі тақырыбына айналды және Ұйымның одан әрі дамуының келешегі айқындалды.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайдан Астанаға дейінгі ұзақ жолды жүріп өткен ШЫҰ әртүрлі мәдениет пен өркениетті, зор келешегі бар әлемдік экономиканы дамытып отырған мемлекеттерді біріктіргенін атап өтті. Өткен жылдар ішінде ШЫҰ ішінде тауар айналымы жеті есеге өсті. Экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияны ұлғайту үшін стратегиялық негіз қаланды.

— Іскерлік кеңес пен банкаралық бірлестік құрылды, ШЫҰ Экономикалық форумы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың 2020 жылға дейінгі көптарапты бағдарламасы іске асырылуда, — деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Лаңкестік, сепаратистік және экстремистік қылмыстарға қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы қабылданды. 

ШЫҰ-ның Аймақтық-лаңкестікке қарсы құрылымы қызметінің арқасында лаңкестік әрекет жасаудың 500-ден астам талпынысына тосқауыл қойылды.

«Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы он жыл» атты қазақстандық төрағалықтың ұраны аясында 110-нан астам бірлескен іс-шара өткізілді. «Бейбітшілік миссиясы -2010» атты лаңкестікке қарсы жаттығу өтті. ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы стратегиясы қол қоюға әзірленді. Өткен жыл ішінде ШЫҰ-ның елдері Ауғанстанды реттеу үдерісіне тиісінше қолдау көрсетті.

— Біздің еліміз 2010 жылы қатты ішкі саяси дағдарысты бастан кешкен Қырғызстан халқына дер кезінде көмегін көрсетті. Көрсетілген көмектің жалпы көлемі 50 миллион доллардан асады, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, осы он жыл ішінде «зұлымдықтың үш күшіне» — лаңкестік, сепаратистік және экстремистік қылмыстарға қарсы күрес ШЫҰ қызметінің негізгі бағытына айналды. Бүгінде жаһандық наркосиндикат пен Интернет кеңістікті деструктивті пайдалану аз қауіп тудырып отырған жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық құқыққа «электронды шекара», «электронды егемендік» тәрізді жаңа түсініктерді енгізетін кез келгенін атап өтті.


— «Киберпол» міндетін атқаратын ШЫҰ-ның арнайы органын құру туралы ойластыру қажет сияқты, — деді Президент.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның мүшелері ұйымның одан әрі дамуына негіз қалауы қажеттігін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев таяу он жыл ішінде әлем дамуының негізгі талабына жауап беретін бес жағымды ұлттық мақсатты немесе бес иігілікті істі атады.

Бірінші. Лаңкестікке, экстермизмге және есірткі қауіп-қатеріне қарсы күресті және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аумақтық және аймақтық кикілжіңдерді реттеу жөнінде ШЫҰ Кеңесін құру.

Екінші. Еуразиялық құбыр тарту жүйесі мен электротасымалдау желісі негізінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер бірыңғай трансэнергетикалық кеңістігін құру. Осыған байланысты Инфрақұрылым интеграциясы жөнінде комитет құру ұсынылды.

Үшінші. Тығыз экономикалық ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін іздеу.

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ның Су-азық-түлік комитетін құруды және бірлескен жобалар мен инновацияларды қаржыландыру үшін Даму қорын жеделдетіп құруды ұсынды.

Төртінші. Төтенше жағдайлар жөнінде Кеңесті қалыптастыру.

Бесінші. «ШЫҰ-2030» және «ШЫҰ-2050» болжамды жобаларды әзірлей алатын ШЫҰ-ның болжам жасау бірыңғай орталығын құру.

Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық эстафетасын Қытай Халық Республикасына тапсыра отырып, Қазақстан ҚХР-ның Тату көршілестік және достық жылын жариялау туралы бастамасын толық қолдайтынын атап өтті.

— Мен бүгін Астанада Еуразиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін Шанхай ынтымақтастық ұйымына біріккен біздің халықтарымыздың тарихының тағы бір шешуші тарауы ашылатынына сенемін, — деп атап көрсетті Президент.

ШЫҰ мерейтойлық саммитінің қорытындысы бойынша Шанхай ынтымақтастық ұйымы онжылдығының Астана декларациясы қабылданды.  

Соңғы жаңалықтар