Елімізде 2015-жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының бірінші сатысын жүзеге асыру шараларының жоспары бекітілді - kaz.caravan.kz
  • $ 516.93
  • 542.52
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
12 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде 2015-жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының бірінші сатысын жүзеге асыру шараларының жоспары бекітілді

Елімізде 2015-жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының бірінші сатысын жүзеге асыру шараларының жоспары бекітілді

Бүгін, 15-шілдеде Астанада өткен кезекті үкімет отырысында Қазақстан Республикасының 2015-жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясының бірінші сатысын жүзеге асыру шараларының жоспары бекітілді,-деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 15 Шiлде 2003
  • 1041
Фото - Caravan.kz

ҚР экономика және бюджетті жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтың айтуынша, 6 бөлімнен тұратын құжатқа 165 шара қамтылыпты. Бағдарламаны жүзеге асыруға 23 мемлекеттік мекеме мен даму институттары атсалысады.

Стратегияны жүзеге асырудың бірінші сатысы дайындық жұмыстарына арналады. Бұл сатыда еліміздің индустриялық-инновациялық әлеуетін құрып нығайтуға бағытталған шаралар жүзеге асырылады. Осыған байланысты инвестициялық және инновациялық қорлар, экспортты сақтандыру жөніндегі мемлекеттік корпорация тәрізді даму институттарын құру көзделген.
Стратегияны жүзеге асырудың басымдық берілген міндеті ретінде министр Қазақстан ғылымын дамытуды атады. Оның айтуынша, таяудағы үш жылда индустриялық-инновациялық бағыттағы ғылымдар мен білім беру саласында жаңартулар жүзеге асырылады. Қ.Келімбетовтың айтуынша, осындай мақсатпен 2005-жылы техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар мен кредиттер көлемі ұлғайтылады. Сонымен бірге, мамандарды қайталап даярлау бағытындағы шаралар өткізіледі.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының бірінші сатысын жүзеге асыру барысында маркетингтік зерттеу орталығы , трансферттік технологиялар орталығы және ғылым қоры тәрізді құрылымдар негізі қаланады.
Үкімет отырысына төрағалық жасаған премьер-министр Даниал Ахметовтың айтуынша, құрылатын жаңа қорлар тиісті министрліктердің құзырына беріледі. Атап айтсақ, ғылым қоры -ҚР білім және ғылым министрлігінің, трансферттік технологиялар орталығы — индустрия және сауда министрлігінің , ал маркетингтік зерттеу орталығы — үкіметтің немесе экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің жанынан құрылмақшы. Д.Ахметовтың айтуынша, «маркетингтік зерттеу орталығы отандық өндірістердің әлемдік шаруашылық жүйесіндегі бәсекелестік мүмкіндіктерін анықтау мақсатындағы стратегиялық зерттеулер жүргізетін болады».
Тұтастай алғанда, үкімет басшысы стратегияны жүзеге асыру шараларының жоспарын оң бағалай отырып «құжатта қарастырылған үкіметтік шаралар Қазақстанның экономикалық даму деңгейін арттыруға бағытталатынын» атап көрсетті.
Жоспарды жүзеге асырудың алғы шарты ретінде үкімет басшысы энергетика, телекоммуникация және темір жол саласындағы инфрақұрылымдық нысандарды жаңалауды атады.
Оның айтуынша, бірқатар заң актілеріне, атап айтсақ, салық ауыртпалығын жеңілдету мақсатымен Салық Кодексіне , жер қойнауы және мұнай жөніндегі Елбасы жарлықтарына, сондай-ақ, «Франчайзинг туралы» заңға қысқа мерзімде өзгертулер енгізу қажет. Сонымен қатар «Өнімдерді бөлісу жөніндегі Келісімдер туралы» заң жобасы әзірленуге тиіс.